Осындай дүбірлі доданы қабылдауға Алматының әлеуеті жететіні сөзсіз. Қазіргі кезде Алатау баурайындағы әсем шаһарда «Алматы Арена» мен «Халық Арена» секілді заман талабына сай салынған зәулім кешендер бар. Оған талай жылдың тарихы бар Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын қосыңыз. Осы нысандардың барлығында да әр жылдары аса ірі халықаралық жарыстар дүркіреп тұрып өткеніне дүйім жұрт куә.
Күрес түрлерінен Азия чемпионаттарында Қазақстан балуандарының жеңіп алған жүлделері жетерлік. Мәселен, биылғы Азия чемпионаты Үндістанның Нью-Дели қаласында өтті. Айтулы жарыста жерлестеріміз 19 (5 алтын+2 күміс-12 қола) медальға иелік етіп, жалпы командалық есепте төртінші орынды иеленді.