Қызылағаштағы жағдай біртіндеп орнығып, үлкен-кіші ес жиып, етек-жеңін жинап, әсте көктемгі қат-қабат тіршілік қамына кіріскен.
Бейсенбі күні облыс әкімі Серік Үмбетов төтенше жағдайлар салдарын жою шараларымен жете танысып, жедел штабтың жиынын өткізді.
Өзен жағасындағы 200 палаткадан тұратын қалашықта да қарбаластық. Үлкендердің тіршілігінен бейхабар бүлдіршіндер ойын қызығына түскен. Бүгін ауылға оралған тұрғындар қатары 2057-ге жетіпті. Жаңалық су жүйесі тартылып, ұңғыма арқылы 100 метр тереңдіктен таза су шығарылып, көше бойларындағы колонкаларда таза су мөлдіреп ағып тұр.
Халыққа деген қайырымдылық шаралары жалғасуда. Осы күні Оңтүстік Кореядан келген делегация тұрғындарға ақшалай көмектерін таратты.
Ауылдың батысында жаңа көше бой көтеріп, шатыры жабылған үйдің іші-сырты сыланып, есігі қойылса бір отбасы қуанышқа кенелетін болды. “Алматы қала құрылысы” АҚ “Жаңа” көшеге 32 үй тұрғызуды міндеттенсе, қазірдің өзінде 8 үйдің қабырғасы, алты үйдің іргетасы қаланып, ішіне су құбыры тартылыпты. Кейін үйлер бірдей қоршалып, айналасы абаттандырылып, ауыл сәулеттене түсетіні анық.
Тасқыннан кейінгі қуаныш Талдықорғандағы перзентханада 6 сәби дүние есігін ашыпты. Жаңа ұрпақтың өкіліне құрмет көрсетіліп, облыс басшылығы ана мен нәрестені құттықтап, сыйлықтарын тапсырып, құтты болсын айтқанын да жұрт жылы қабылдауда.
Қызылағаштықтарға әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсету жөніндегі комиссия төрағасы Ә.Жұмагелдин көмек керуені толастамағанын, осы күнге 36 млн. теңгенің әлеуметтік көмегі жеткізілсе, оның 30 млн. теңгесі киім-кешек, азық-түлік тұрғындарға таратылғанын жеткізді.
Қызылағаш ауылында тарихтың жаңа беті ашылып, қиындықты жеңгендер көгілдір көктемнің шуағынан нәр, ағайынның қолдауынан күш алған.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.