Аймақтар • 20 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңгеден беріледі

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов тұрғындардың жекелеген санатына коммуналдық төлемдерді өтеу үшін көмек берілетінін мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, жергілікті әкімдіктер тұтынушының дербес есеп-шотына 2 ай бойы 15 мың теңгеден аударады.

Қарағанды облысы: Коммуналдық қызмет үшін 15 мың теңгеден беріледі

Коммуналдық көмек I, II және III топтағы мүгедектерге, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, көп балалы отбасыларға, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлерге, мемлекеттік және қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарышқа ұшуларды даярлау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына, АӘК алатын азаматтарға, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлерге беріледі. Қарағанды облысында осы санаттағы азаматтарға жататын 118 мың адам бар.

Төлем сомасы коммуналдық қызмет үшін есептелетін шот мөлшеріне байланысты болмайды және ол 15 мың теңгені құрайды.

Ал ауылдық жерлерде ай сайынғы төлем 5 мың теңгені құраса да, 15 мың теңге дербес шотқа аударылады. «Кейін тұтынушылар осы ақшаны төлемге  жұмсай алады. Егер сома көп болса, мысалы, қала тұрғындарының төлемі 18 мың болса, біз тек 15 мыңды ғана шотқа аудара аламыз, ал қалғанын қызмет алушының өзі төлейді», деп түсіндірді Ұлантай Үсенов.

Басқарма басшысы сәуір айына тиесілі төлемдер мамыр айында беріле бастайтынын айтты. Коммуналдық қызмет ақысы көрсетілген түбіртекті алған азаматтар жергілікті әкімдіктерге хабарласып, жеңілдік алу үшін өтініш беруге құқылы. Әкімдік қызметкерлері өтініш берушінің мәліметтері мен жеке деректерін тексереді. Егер, олар көмек алуға құқылы азаматтардың санатына жататын болса, онда дербес шотына тиісті қаражат аударылады.

Өтінім үлгісі дайын болған соң, ол бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланады.