Әлем • 20 Сәуір, 2020

Үндістандағы үңгірде туристер бір айға жуық тұрған

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әуе жолдарының жабылып қалуына байланысты алты шетелдік турист Үндістандағы үңгірлердің бірінде бір айға жуық уақыт тұрды, - деп хабарлайды Daily Mail.

Үндістандағы үңгірде туристер бір айға жуық тұрған

Басылымның мәліметіне сәйкес, үңгірді паналаған саяхатшылар Франция, АҚШ, Украйна, Түркия және Непальдан келгендер екен. Олар ақшалары таусылған соң 24 наурыздан бастап Ришикеш қаласының маңындағы үңгірде тұруға мәжбүр болған.

Басылымға сұхбат берген полиция инспекторы Раджендр Сингх үңгірден табылған алты саяхатшыны он төрт күндік карантин күтіп тұрғанын айтады. Бірақ олардың ешқайсысында вирустың симмтомдары анықталмапты.

Үндістан шекарасы жабылғанға дейін туристер Муни Ки Рети қонақ үйінде болған. Өз елдеріне ұшып кетуге үлгермей қалған соң, қалған азын-аулақ қаржыларын керек-жарақ заттар мен тамаққа жарату үшін үңгірде тұруға мәжбүр болған.

Үндістан шекарасы жабылған мезетте мыңдаған шетелдіктер «тыпырлап» қалғаны белгілі. Соның ішінде тек Ришикеш қаласының өзінде 700 саяхатшы қалып кеткен. Бірақ, әр елдің үкіметі азаматтарына арнайы рейске тапсырыс беріп, кейін қайтарған. Әлгі алтау соған ілікпей қалғандар.