Аймақтар • 20 Сәуір, 2020

Айыққандар барлық сырқаттың 86 пайызын құрады

160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Руслан Әлішев журналистерге брифинг беріп, коронавирусқа байланысты облыстағы ахуалды баяндады.

Айыққандар барлық сырқаттың 86 пайызын құрады

Ол алдымен карантиндік режімнің ұзартылатынын және кейбір талаптар бұрынғыдан да қатайтылатынын еске салды. Соның ішінде карантин аймақтарына ену немесе шығу түнгі сағат 00.00-ден бастап мүлде тоқтатылатынын айтты. Бұрын мұндай тәртіп облыс және аудан орталықтарына қатысты ғана болса, енді барлық аймаққа осындай режім орнатылатын болыпты. Әрине, адам жанын арашалауға байланысты қозғалған, сонымен қатар транзиттік көліктер бұрынғыша жүре береді. Одан әрі Р.Әлішев адамдардың өмір сүруіне аса қажетті өнімдер шығаратын кәсіпорындардың тізімі жасалып, тек солар ғана қалыпты жұмыс істейтінін айтты. Әрине, мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау орындары мен дәріханалар да жұмыстарын тоқтатпайды.    

Р.Әлішевтің айтуына қарағанда кеше Солтүстік Қазақстанда тағы бір адамнан жаман індеттің іздері табылған. Ол Ресей Федерациясында вахталық жұмыс істейтін Мамлютка қаласының тұрғыны екен. Қазір ол инфекциялық стационарға жатқызылған.

Солтүстіктегі жағымды жаңалықты Руслан Қанатханұлы өзінің сөзінің соңына қалдырған екен. Оның айтуына қарағанда өңірде осы науқаспен ауруханаға түскендердің 86 пайызы, яғни 25 адам сырқатынан айыққан. Соның ішінде бүгін де 7 адам айығып, ауруханадан шығарылыпты. Қазір инфекциялық стационарда төрт адам ғана ем алып жатыр екен. Осыған қарағанда Солтүстіктің ақ халаттылары абзал жандары өз еңбектеріне жауапкершілікпен қараған. Олардың еңбектеріне қандай мақтау айтса да тұрарлық.

 

Солтүстік Қазақстан облысы