Экономика • 20 Сәуір, 2020

Бизнеске сауатты менеджмент жетпей жатыр

270 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күні бүгінге дейін қазақтардың  «қаржы сыртқа кетпесін» деген жергілікті  менталитеті ШОБ-тың тұралап қалуына «үлес» қосып жатқаны жайлы анда-санда айтылып қалатын.  Төтенше жағдай бизнестің консервативті сипатынан бас тартып, заман ағысына ілесу қажеттігін алға тартып тұр.  

Бизнеске сауатты менеджмент жетпей жатыр

Ресми стататистика 2018-2019 жылдары ШОБ-тың белсенділігінің төмендеп кеткенін айтады. Себебі бизнес кемесінің капитаны болып танылып қалған ірі компаниялардың құрылтайшылары, басқарушы-арт директоры және өте сауатты менеджменті бар.  Ал ШОБ-та бар болғаны 3-4 адам жұмыс атқарады. Қазақтардың «қаржы сыртқа кетпесін» деген менталитеті ШОБ-тың тұралап қалуына «зор үлес қосып жатыр». ШОБ-тың 70 пайызында отағасы – президент, әйелі немесе баласы премьер немесе қаржы министрі. Сауатты менеджменттің біліктілігі немесе білімі – екінші кезекте.

Бұл фактор, қаржыгерлердің пікірінше, ШОБ өкілдерінің мемлекет тарапынан беріліп жатқан арзан несие жүйесінен өз үлесін алуға кедіргісін келтіреді. Кәсіпкер несие алу туралы өтініш бергенде, оның қаржылық есебі, бизнес-жоспары немесе маркетингтік жоспары шала-шарпы құрастырылады. Тіпті кейде оның бағыты стратегиялық-маркетингтік мақсат емес, қазақтың құрақ көрпесіне көбірек ұқсап кетеді екен. Ал банктер үшін бизнес жоспардың сауаттылығы мен айқындылығы бірінші кезекте. «ШОБ-қа «Даму» қоры банктер арқылы бір-ақ рет қолдау көрсетеді. Бірінші кезеңдегі бизнес-жоспардың нәтижесіне назарға алынады. 

Дәл қазір Алматыда тіркеуде тұрған 100 мың ШОБ-тің біразына жабылу қаупі төніп тұр.  Алматы қаласы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Виктор Ямбаев «қазір елдегі ШОБ-тардың бәрі іріленіп кетті» деп қуануға әлі ерте екенін айтады. Оның пайымдауынша біздің елде бизнес капитандары тағайындалады немесе солай болып дүниеге келеді. «ШОБ-тың жабылуы немесе банкротқа ұшырау тәуекелі ірі бизнес өкілдеріне қарағанда жоғары. Ірі бизнестің менеджменті – оның қалқаны. Ал ШОБ-та ондай мүмкіндік жоқ, ШОБ-тың еңсесін көтермей тұрған, қаржы институттарының есігін ашқызбай тұрған фактор осы», – дейді Алматы қаласы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Виктор Ямбаев

2021 жылдан бастап Қазақстанда тіркелген ШОБ-та, ірі бизнес те ДСҰ жағдайында өмір сүреді. Бірақ ШОБ-тың бәрі бірдей ДСҰ заңымен дербес өмір сүруге дайын емес. «Мемлекет қарасады» деген масылдық пиғыл әлі басым. «Бизнес, ШОБ және қаржы институттары арасындағы байланысты жетілдіру керек. Заң жағынан шектеу жоқ. Бизнес менежментінің деңгейі туралы айтар әңгіме жетерлік. Бизнесті алыпсатарлық немесе пайда көзі деп қарайтын көзқарастің дәуірі өткелі қашан. Бұл біздің елде бизнес-элитаны ШОБ өкілдері қатарынан толықтыруға тежеу болып жатыр»,  дейді  Виктор Ямбаев. 

Бизнестегі сауатты менеджменттің кемшіндігі барлық жерде қол байлау екен.  Қазақстанда ірі қара малдың 90 пайызы жекенің қолында екені белгілі. Елдегі сүт, ет өнімдерін  дайындайтын компаниялардың басым көпшілігі шикізатты тек менеджментпен қамтылған іріліндірілген шаруашылықтардан алады. Себебі шикізатты өткізген кездегі басты талап – мал азығының құрамы, санитарлық жағдайы туралы сертификат. Жеке меншікте ондай мүмкіндік жоқ. Шикізат тапшылығының басты себебі осында екен.  Экономикадағы бизнес алыптарының үлесі соншалықты көп емес. Және ірі компаниялардың мемлекеттік сипаты да кемшін. Басым көпшілігі трансұлттық сипатқа ауысып, инвестициялық ахуалы бізден гөрі тәуірлеу аймақтарға қаржы салуға ықылас танытып жүр. «Сол себепті Қазақстанда бизнесін бастап, бизнестің алпауыттарына айналған бизнес-элитаның бәрі бірдей экономиканың көшін бастайды деп үміттене алмаймыз. ШОБ   дағдарыстың, төтенше жағдайдың  қыспағында қалды. ШОБ-тың көмегімен экономикалық реформаларды жүзеге сырамыз. Мемлекеттің ШОБ-ты қолдауы арқылы бұл процесті жылдамдатуға болады», – деп сөзін түйіндеді Виктор Ямбаев

Сарапшылар банктер кепіл болмаса, несие бермейді деген пікірдің шындыққа сәйкес емес екенін айтты. Банктердің бизнес-жоспарға сеніп, кепілсіз 100 млн теңгеге дейін несие берген кездері болған. Бірақ кәсіпкер несиені төлеу мерзімін кешіктірсе немесе мүлдем төлемей қойса, қаржыландыру қоры немес ҰБ банкті қыспаққа алып, «айыппұл төле» деп қыспаққа алады екен. «Төленбей-өтелмей қалған несиені банк төлейді. Бұдан бөлек айыппұлға төленетін қаржы банктің табысы есебінен қайтарылады. «Даму» қоры немесе ҰБ несиенің тәуекелін банкпен бірге бөлісуі керек. ҰБ немесе бизнесті қаржыландыратын институттар туралы заңға өзгерістер енгізіп, төленбей қалған несиенің тәуекелін ҰБ, «Даму» қоры және банк бірлесіп көтеруді заңдастыратын кез келді», – дейді кәсіпкерлер. Кәсіпкерлердің несиесін мақсатқа сай қолданбауы банктің абыройына нұқсан келтіретінін нақты деректермен келтіріп, заң талаптарына назар аудару қажеттігін айтты. «Даму» қоры тәрізді қаржылық институттардың алдында өз міндеті бар. Банктер мен «Даму» қоры арасындағы келісімшартта банк міндеттемесін орындамаса, несиенің 15% мөлшерінде айыппұл төлейді. «Кәсіпкер несие алған күннен бастап 9 айдың ішінде несиені игермесе, мұның зардабы банктің жауапкершілігіне жүктеледі. Банк 9 айдың ішінде «Даму» қорына қайтарып бермесе, қара тізімге түсіп қалады», – дейді  дейді кәсіпкерлер.

«Қазақстан ТМД елдері арасында ШОБ-ты қаржыландырудың көш басында тұрса, ШОБ-тың жабылуы неге жиілеп кетті?» деген деген мәселе Үкімет деңгейінде тақыланатын жеке тақырып.

Алматы