Шынында, жылы үйде, отбасы жанында отырған біз осы жөнінде ойланып көрдік пе? Қалыпты кезде саябақтар мен вокзал маңын торуылдап жан бағатын ғаріптер қайда барып бас сауғалады? Бұл сұраққа қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жауап берді. Оның сөзінше, осынау қиын-қыстау сәтте шаһар билігі өз азаматтарын назардан тыс қалдырған жоқ.
– Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға қатысты сауалдар көп болды. Олар далада қалды, ешкімге керегі жоқ, тіпті қаланың сыртына шығарып жіберді деген қауесет те тараған болатын. Бұл мәселе біздің назардан тыс қалған жоқ. Біз олардың қозғалысын ұдайы бақылап отырмыз, – деген әкім аталған жандарға арнап 300 орындық шатыр қалашық құрылғанын мәлімдеді.
Әкім тілге тиек еткендей, ғаріптерге арналған қалашықта оларға кереует, төсек жай, киім-кешек, азық-түлік, жарық секілді жанға қажет жағдайдың бәрі жасалыпты. Ондағылар бей-берекет көше кезіп, індет таралуына себепкер болмас үшін шатыр қалашықтың айналасы берік құрсаумен қоршалды. Бірқатары қаладағы қарттар үйіне орналастырылған. Көңіл қуантарлығы сол, қала билігі олардың арасынан «еңбегін сауып» азды-көпті нәпақа табуға ниет білдіргендерді жұмыспен қамтудың жол картасына сәйкес қызметке қабылдап жатқанын айтты. Бұл өз кезегінде, ғаріп жандарды қалыпты өмірге бейімдеудің айқын жолы.
АЛМАТЫ