Саясат • 21 Сәуір, 2020

Жауапкершілікке тартылмайды

378 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында төтенше жағдай кезінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындау шарттары туралы жалған ақпарат бергені үшін жұмыс берушілер мен азаматтардың жауапкершілігі туралы онлайн-баспасөз мәслихаты өтті.

Жауапкершілікке тартылмайды

Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бірде-бір адам 42 500 теңге ал­ғаны, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайтынын атап өтті.

«Бүгінгі таңда төтенше жағ­дайдың салдарына байланыс­ты табысынан айырылған 3 млн 960 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Оларға 157 млрд тең­ге төленді. Өкінішке қарай, соңғы 4-5 күн бойы әлеуметтік желі­лерде, қоғамда «42 500 теңге ал­ғаны үшін қылмыстық тұрғы­да жазалайды екен» деген әңгі­ме көп таралып жатыр. Біз бәрін қарап шықтық. 5 сәуір­ден бастап заңгерлеріміз осы мә­селеге қатысты пікірлерін айта бас­тады. Оның ішінде ерекше та­ралғаны сол күні zakon.kz пор­талында орыс тілінде Данияр Нұрланұлы мен Руслан Қо­жахмет есімді заңгер-адво­кат­тардың Қылмыстық кодекстің алаяқтыққа қатысты баптарын талдап, соны 42 500 теңге төлеміне қатыстырып жазған мақаласы болды. Ол азаматтар «министр Нұрымбетовтің ешкімді жаппай тексермейміз» деген сөзін жұмыс берушілер пайдаланып, жалған мәліметтер беруі мүмкін» дегенге келтірген. Осыған байланысты, бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Оны талқылап жатқан заңгерлер де біледі. Біз ешкімді тексермейміз. Себебі бұл – әлеуметтік төлем. Бұл – әлеуметке бағытталған төлем. Же­ке тұлғаларды, ресми не бейрес­ми болсын, жұмыс істеп жүр­гендерді үйлерді аралап, тек­сермейміз. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сіздерге тө­лен­ді ме? Алыңыздар, жараты­ңыз­дар. Тексеру болса да бізді тексереді», деді министр.

Сонымен қатар ол жұмыс беру­шісі жалақысының 50 пайы­­зын ғана төлеп отырған қызмет­керлер 42 500 теңгеге өтінім бере алмайтынын жеткізді.

«Бұл 42 500 теңге әлеу­мет­тік төлем жалақысынан айырыл­ғандарға ғана беріледі. Сондықтан жалақы мөлшері төмендеген жағдайда әлеуметтік төлем берілмейді. Яғни, бірде-бір тиын төленбейтін ақысыз демалысқа жіберілген жағдайда ғана 42 500 теңге алуға құқығыңыз болады және өтініш бере аласыздар», деп жауап берді министр.

Сонымен қатар ол әлеуметтік төлемді заңсыз алғандар қара­жат­ты қашан қайтаруы керектігін де атап өтті.

«Қай уақытта қайтарғыңыз келсе, сол уақытта қайтара ала­сыздар. Оның мерзімі де, қайтару тәртібі де жоқ. Егер сіз қате­лескеніңізді көріп тұрып қай­тарамын десеңіз, оны жағ­дайыңыз келген кезде қай­тарыңыз. Қайтармаймын десеңіз қайтармайсыз», деді Б.Нұрым­бетов.