Аймақтар • 21 Сәуір, 2020

Шығыс Қазақстан: Үш тұрғыннан коронавирус инфекциясы анықталды

1186 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үш жаңа жағдайда 16 ошақ анықталып, байланыста болған 138 адам белгілі болды.

Шығыс Қазақстан: Үш тұрғыннан коронавирус инфекциясы анықталды

Кеше ғана облысымыздың үш тұрғыны жазылып шыққанын сүйіншілей жеткізіп едік. Бүгін «Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясы тағы үш тұрғыннан анықталды» деген көңіл түсірер ақпар естідік. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. «Қауіпті инфекция Өскемен қаласының екі тұрғынында - 1972 жылы туған ер адам және 1970 жылғы әйелден, сондай-ақ, Абай ауданының 1960 жылғы ер адамынан анықталды. Екі жағдайда COVID-19 пневмония және ЖРВИ диагнозы бар науқастар арасында, бір жағдайда профилактикалық тексеру кезінде шыққан. Қазіргі уақытта науқастар оқшауланып, қажетті ем қабылдап жатыр. Барлық қажетті эпидемиологиялық тексеру шаралары мен олармен байланыста болған азаматтарды анықтау және оқшаулау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, үш жаңа жағдайда 16 ошақ анықталып, байланыста болған 138 адам белгілі болды. Осылайша, осы уақытқа облыс бойынша коронавирустың расталған 11 жағдайы тіркелді. Олардың екеуі сырттан әкелінсе, 9-ы жергілікті. Өскемен қаласында бір адам аталмыш дерттен көз жұмды. Ауырғандардың ішінде 2 бала бар. Жағдайлары тұрақты. Сауығуына байланысты инфекциялық стационардан 3 науқас шығарылды» делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Шығыс Қазақстан облысы