- Әбу Ханифа мен Әбу Юсуфтың көзқарасы бойынша жүзім және құрмадан басқа өнімдерден жасалған спиртті антисептик мақсатында қолдануға рұқсат етіледі. Ал қазіргі медициналық спирттер жүзім және құрмадан алынбайтыны белгілі. Антисептик мақсатында қолданылатын сұйықтық, медициналық спирт нәжіс болып есептелмейді. Өйткені харам нәрсенің бәрі нәжіс бола бермейді. Мысалы, есірткі мен удың үкімі харам, бірақ өзі таза. Құрамында спирті бар иіссулар, спирт араласқан сұйық заттар денеге, киімге тисе нәжіс болмайды, тиген жерін жуу да міндетті емес, - делінген жазбада.
ҚМДБ мәліметіне сүйенсек, арнайы антисептик заттар немесе медициналық спирт табылмаса, зәрулік үкімді негізге ала отырып, спирттік ішімдіктерді де антисептик мақсатында қолдануға шариғат рұқсат етеді. Бірақ ол нәжіс болғандықтан, намаз оқығанда спирттік ішімдік тиген жерді жуып тастау шарт.