Қазақстан • 21 Сәуір, 2020

Қытай дәрігері: Індетпен күресте әр ел ұлттық танымына сүйенуі керек (видео)

619 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлем елдерін тығырыққа тіреген аты жаман тұмаумен күш біріктіре күресудің маңызы зор. Бұл ретте алапат қасіреттен ең көп зардап шеккендердің бірі Қытай мемлекеті. Бірнеше күннен бері қытайдың білікті 10 дәрігері Алматыға келіп онлайн сабақтар өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп жатқаны белгілі.

Қытай дәрігері: Індетпен күресте әр ел ұлттық танымына сүйенуі керек  (видео)

Жаппай жұмылудың арқасында қытай қатерлі індетті толық жеңді демесек те, тажалдың бетін тойтарды. Алып мемлекеттің осы бағыттағы тың тәжірибелерін әлемнің бірқатар елдері нысанға алып, коронавируспен күресте олардың ақыл-кеңесіне жүгінуде.

Алматыда өтіп жатқан қытайлық дәрігерлердің коронавирус туралы онлайн сабағына қатысу - тегін. Бұл сабақтар тек қазақстандық мамандардың ғана емес, шетелдік дәрігерлердің де қызығушылығын тудырып отыр. Күні кешеге дейін Алматыда коронавируспен күрес тәсілдерін үйрету үшін Қытайдан келген делегацияның онлайн тренингін 700-ге жуық медицина қызметкері тыңдаған.

Сабақтар тек емдеу мен диагностика саласына ғана қатысты өтіп жатқан жоқ. Айталық, Шыңжаң округіндегі достық госпиталінің аға медбикесі Ю. Янься инфекциялық стационарды зарарасыздандыру тәсілдерімен бөлісті. «Оқшаулаудың басты шарты - «1 науқас – 1 палата» қағидасын ұстану. Біз ауруханаларды 3 типке бөлдік. Жасыл - таза аймақ, сары - жартылай таза аймақ, қызыл - жұқтыру аймағы. Бұл аймақтардың әрқайсысын өзінше тазалайтынбыз. Орта есеппен күніне 2 рет зарарсыздандырып отырдық. Ауаны, қабырғаларды, еден мен құрал-жабдықтарды дезинфекцияладық. Толық зарарсыздандыруға 30 минут уақыт кетеді. Дезинфекциядан шыққан соң барлық материалдар жойылады», - деді өз тәжірибесімен бөліскен маман.

Қытайдан Алматыға келген тағы бір білікті маман Цю Гаунфенг денесін дерт дендеген жандарға психологиялық көмек көрсетудің маңызы зор екенін тілге тиек етті. Дәрігердің сөзінше, карантинде отырған жандардың жүйкесі тез сыр береді. Сондықтан әр ел өзінің ұлттық танымынан сыр шертетін түрлі билерімен, әндерімен де науқастардың көңіліне медеу сыйлай алады.

Бұл тұрғыда ол қазақ дәрігерінің «Қара жорға биін билеуі Ухандық науқастардың оңалуына оң әсер еткенін мысал ретінде айта кетті. Цю Гаунфенгтің айтуынша, науқастар күніне екі мәрте тыныс алуды жақсартатын жаттығу жасап, би билегені дұрыс. Ең бастысы бәрі де көңіл күй ырғағына сай болғаны абзал.

Қытайдан арнайы келген мамандар Алматыда 23 сәуірге дейін болады. Алдағы күндері тағы да бірнеше онлайн сабақ өткізу жоспарда бар.