SARS-CoV-2 коронаровирусын жұқтырған адамдардың көбінде тамақтың ауруы, жөтелу, дененің ауырсынуы және дене қызуының көтерілуі секілді симптомдармен бірге, аурудың әлсіз білінетін ағымы байқалады. Алайда кей пациенттерде өкпенің қатты зақымдануы да өрши бастайды.
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология кафедрасының жетекшісі Айсұлу Мұсағалиеваның айтуынша, коронавирус инфекциясынан таралған пандемия індеті кезінде жүрек-қантамыр аурулары бар пациенттер ерекше топқа кіреді.
Бүгінгі таңда жүрек-қантамыр аурулары бар науқастар коронавирусты оңай жұқтырады деген мәлімет жоқ десек те, кез келген инфекциялық процесс, оның ішінде коронавирус инфекциясы жүрек-қантамыр ауруларының асқынуын одан да жоғары қауіппен өршітуі мүмкін.
COVID-19 алғаш тіркелген Қытайдың мәліметтері аурудың күрделі түрі дамыған немесе оның салдарынан тіпті өлімге душар болған пациенттердің көбінде қант диабеті және артериялық гипертензия секілді ілеспелі патологиялардың болғандығын дәлелдеді. Қытайда болған өлімнің орташа саны COVID-19 ауыратын пациенттердің 2,4% құрады, ал артериялық гипертониясы бар пациенттерде ол 6%-ға, қант диабетінде 7,3%-ға өсті.
Мұның нақты себебі әлі анықталмаған. Мүмкін, диабет те, гипертония ауруы да әсіресе егде адамдардың арасында кең таралуымен байланысты болар, себебі COVID-19-дан болатын өлім саны осы санаттағы адамдардың арасында жоғары болып отыр.
Сондықтан да пандемия кезінде артериялық гипертониясы бар науқастарға терапевт пен кардиологқа жоспарлы қаралып тексерілуді тоқтата тұру ұсынылады. Бастапқы медициналық ұйымдар мүмкіндігінше қашықтан консультация беріп және препараттарды үйлеріне жеткізуді қамтамасыз етуге тырысады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жоғары артериялық қысымды емдеуде кеңінен қолданылатын кей препараттарды COVID-19 жағдайында пайдалануға болмайтындығы туралы мәліметтер пайда болды. Алайда, бұл пікірлердің ешқандай ғылыми дәлелденген негіздері жоқ.Еуропалық кардиологтар қоғамы, Британдық кардиологиялық қоғамы және Америкалық жүрек қауымдастығы секілді ірі медициналық қауымдастықтар антигипертензивтік препараттарды қабылдауды жалғастыруды ұсынады, себебі олардың оң әсері дәлелденген.
Қазіргі таңда осы вирустық инфекцияның алдын алуға арналған ерекше профилактикалық шаралар жоқ.
Жұқтырудың алдын алу үшін мынадай кеңестерді орындау қажет:
Жұқтырған адамдардан алшақ жүру;
Мүмкіндігінше басқалармен арадағы қашықтықты 2 метрге дейін сақтау;
Қолды жылы сумен жиі сабындап жуу (20 секундтан кем емес);
Жөтелген немесе түшкірген кезде ауыз бен мұрынды қол орамалмен немесе шынтақты бүгіп жабу;
Көз, мұрын және ауызға қол тигізбеу;
Жиі қолданатын заттарды: есік тұтқасы, шкафтың тұтқалары, электр қосқыштары және т.б.дезинфекциялау;
Үйде оқшаулау (үй карантині) қағидаларын орындау.