Қоғам • 21 Сәуір, 2020

Жеті жасында жүйрік мінген

551 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұлпарды тұрысынан танитын халқымыздың тағдыр-тәлейі атпен бітеқайнасып жатыр. Бәсірелі бәсекеде көмбеден келер жүйрікке алғашқы айналымнан-ақ айдар тағып қоятыны сол. Қалай десеңізде халқымыздың қанына сіңген қасиет қазанаттың дүбірінде тұрғандай. Өзі құралыптас балалар ағаш атпен алысып жүргенде күліктің күрең жалына жабысып, қариялардың көзқуанышына айналған жеті жастағы бала бүгінде жалы биік азамат. Атбегі Дәулет Бейісбаев десеңіз, ат баптап жүрген шабаңдоздар өре түрегеледі.  Қаламды да жанына серік еткін жас жігіттің өнерде де өмірде де алар орны ерек.

Жеті жасында жүйрік мінген

Дәулет Халықұлы – бәйгеге ат қосып жүрген ел азаматтарына таныс есім. Жалынды жас. Екі мүшелді енді еңсерген ол І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алуда. Білімгер болса да сонау балауса шағынан жылқы баптау ісімен айналысып келеді. Шабандоз ретінде де өзі баптаған сәйгүліктермен сан мәрте топ жарғаны бар.

–Кешегі кезеңдегі ат баптау тәсілдері бүгінде өзгеріске ұшырады. Оған дәуірдің дамуы әсер етсе керек, – дейді Дәулет Халықұлы. – Заманауи қоражай, жаттықтыру техникаларының қоғамға енуі мен асыл тұқымды, таза қанды, арабы, ағылшын жылқыларының қазақ жеріне жерсіңдіріліп, бәйгеге түсуін соның басты салдары деп ойлаймын. Тіпті, өзінен туған жануарға, шешесіне шабатын «тексіз» аттар да шаршы топта шашасына шаң қаптырмай жүр. Алайда бұл айтылған дүниелер бәйгенің, ұлттық ат спортының сұрқын қашырып, бәсін төмендетіп тұр дей алмаймыз. Десе де, ұлттық көзқараспен байыптасақ қазақы қазанаттардың аламаннан көрінбей, көрінсе де бағы жанбай келе жатқаны қынжылтады.

Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын Дәулет Халықұлы арабы мен ағылшын, асыл тұқымды мен қазанаттың шатысуынан пайда болған будандардың қазақы жылқыға дес бермей келе жатқандығын да алға тартты. Дегенмен, әрбір тұлпардың бағының жануына – бабының жақсы болуы тікелей байланысты. Қазақ жеріне жерсіңдірілген аттардың бәрі ұзақ уақыт бәйгеге дайындалады. Қараша түсіп, жерге тоң қатқаннан қораға тоғытылатын тұлпарлардың жемшөбі, оның мөлшері атбегінің қадағалауында. Бөктірілген арпадан бастап, жонына төселер жабуға дейін жеке бапкердің жауапкершілігінде болады. Аламанға ай қалды дегенде жүгендеп, жабу салып, баптай салар кешегілердің қазанатындай емес, асыл тұқымды сәйгүліктерге ұзақ уақытты қажет ететін бап керек. Осылай ойын айтқан атбегі өзі баптаған тұлпарлардың қыр-сырын да әңгіме арқауы етті.

Тұлпардың іш тартуы, құмалақ тастауы қай мөлшерде, қай уақытта болатынын, жарауы жеткен аттың жоны шарқаттай жалтылдап тұратындығын, түптеп келгенде, бәйгеде алдына қара салмас қылқұйрықтың болмыс-бітімін егжей-тегжейлі баяндаған Дәулет Халықұлы қазанат пен жерсіңді жануарлардың тағы бір айырмашылығын алға тартты.

– Бәйге үшін үкілеп үміт артып, асыл тұқымды, таза қанды аттарды сатып аламыз. Оның дені бабы мен бағы қатар келсе, иесінің қанжығасын майлайтыны хақ. Дегенмен, бәйгеден кейін де дүйім елдің қанын қыздырар көкпар ойыны бар емес пе? Өкінішке қарай, жерсіңді жануарлар бәйгеден кейін тұра алмай, екі-үш күн қорада жатып қалады. Кейбірі одан да ұзақ. Ал қасиетіңнен айналайын қазанатты Қырымнан Үрімге айдап, түн жорттырып аламанға түсірсең де, бәйгеден кейін көкпарға салсаң да, мыңқ етпейді-ау. Кейде аламанның алдынан келмеген қазақы атты сазайын берейін деп, жалпы көкпарға да салып жіберген кезім болды. Сонда ауырсынғанын аса қатты байқамадым.

Бабаларымыз күллі Еуразия кеңістігіне тұлпар тұяғының мөрін қалдырғанда, сол қасиетті төл жануарымыз емес пе тақымында ойнаған?! Осылай деп іштей тебірене бірауық ой құшағында қалып, бүгінге дейін 100-ден аса бәйгеге ат қосып, соның алпыс-жетпісінде үздік үштіктен көрінген Дәулет Халықұлының атбегілік өнерге қанымен араласып, жанымен кірігіп кеткеніне сүйсіне түскендей болдық.

Алматы облысы Көксу ауданына қарасты Ақтекше ауылында қоңыртөбел тіршілік кешіп жатқан Халық пен Дүйсебаланың бес баласының бірі, атбегі Дәулет: «Кейде арулармен тілдессем де, аңдаусыз ат жайлы әңгіме айтып қалатыным бар. Бұл қанға сіңген әдетім шығар», – деп жылы жымияды. Жымия тұрып, болашақта да жылқы жануарын баптауды жалғастыра берерін, қазақтың ұлттық ат спортына өзіндік үлесін қосуға тырысатындығын тілге тиек етті. Журналистика саласында білім алып жатқан ол қазанаттың қасиеті туралы еңбек жазарын да іштей жоспарлап жүргендігін атаусыз қалдырмады.