Аймақтар • 21 Сәуір, 2020

Атырау: Приморский каналында балық қырылды

964 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Приморский каналының Жайық өзеніне құятын сағасында балықтың қырылғаны  туралы тұрғындардың бірі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Онда видео бүгін, 21 сәуірде таңертеңгі сағат 7:00 шамасында Жайық өзенінің Приморск каналында түсірілгенін айтқан.  Видеода  өлі балықтың канал суында қалқып жүргені көрсетілген. 2020 жылғы 21 сәуірде сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін теңіз арқылы Жайық өзеніне қарай Приморский каналына өлген балықтар ағылып келді.

Атырау: Приморский каналында балық қырылды

«Ағылып келген балықтардың ішінде ірі ақтабан және жетілген торта балықтары анықталды. Лабораториялық зерттеулер үшін бірнеше жерден судың сынамасы алынды.

Экспресс-талдау әдісі арқылы судағы оттегінің концентрациясы анықталды: Жайық өзенінде 9,7 мг/л, Жайық өзені мен Приморский каналының тоғысатын жерінде 3,5 мг/л және Приморский каналының ортасында 1,5 мг/л.

Жайық өзеніне ағып келген өлі балықтың көбісі қайта тіріліп, суда жүзіп кетті. Өлген балықтар жиналып, қазіргі таңда көлемі анықталуда.

Өлген балықтардың сынамалары алынып, балықтардың қырылуын анықтау үшін ветеринарлық инспекцияға зерттеуге жолданды. Қырылған балықтар анықталған жерде ақтабан және торта балықтарының бірнеше данасы алынып, ішек-құрылысы зерттелді. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, торта балығының көбісі уылдырық шашу кезеңінен кейін, ал ақтабан балықтары жыныстық жетілудің 4 сатысында болып шықты» деп хабарлады осыған орай Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сакен Дилдахмет.

Оның мәліметінше, балықтардың қырылу себебі лабораториялық зерттеулердің қорытындысынан кейін белгілі болады.

 

 

Жұмасат ҒАЗИЗ