Келісім-шарт бойынша құрылыстың жалпы құны ҚҚС-мен 5,5 млрд. теңгені құрайды. Бұл ретте құрылыс компаниясы жедел құрылыс жұмыстарында қолданылатын open book принципі бойынша жұмыс істейді. Құрылыс жүргізетін мекеме барлық ағымдағы шығыстарды есептейді және тапсырыс берушіге есеп береді. Бұл ретте ол шарт сомасынан аспауы тиіс.
Қазіргі уақытта құрылысы әлі аяқталмаған, бірақ құрылыс салушының алдын-ала мәліметтері бойынша жұмыс барысында айтарлықтай үнемдеуге қол жеткізілді. Соның есебінен медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады. Сонымен бірге, құрылыс жүргізуші жұмысты өзіндік құны бойынша орындауға міндеттелді. Нақты деректер нысан аяқталғаннан кейін хабарланады.
Еске салсақ, Алматыда Президент жанындағы төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның шешімімен алдын-ала дайындалған жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы жүргізілуде. Аурухана 280 кереуетке арналған. Соның ішінде 28 кереует интенсивті терапия бөлімшесіне арналады.
Науқастар «легін» бөлу қағидатына сәйкес аурухана «таза» және «жұмыс істейтін» (инфекцияланған) аймақтарға бөлінеді. Палаталарда теріс қысымды және ауаны дезинфекциялауды қамтамасыз ететін желдеткіш орнатылады. Палаталардан, әкімшілік бөлмелерден басқа, зертханаға арналған екі бөлме, компьютерлік томография бөлімшесіне арналған бөлме мен рентген-кабинет, зарарсыздандыру бөлмесі, дизель-генераторы бар резервтік энергиямен қамтамасыз ету көзделген.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының ҚК-нің 274-бабына сәйкес әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұл (5 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде), түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өткен жөн. Төтенше жағдай кезінде әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.