Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу аясында Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.


Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу аясында Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы қаралды.
Тараптар сауда-экономика, көлік-коммуникация және инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты жандандырудың келешегі туралы сөйлесті.
– Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы айналасындағы жағдайдың шешілуіне бұдан кейін де белсене қатысуға дайын. Сонымен қатар, біз көлік-коммуникация саласындағы өзара іс-қимылымызды дамытуға, атап айтқанда, темір жол тасымалын жүзеге асыруға мүдделіміз. Біздің елдеріміздің ортақ игілігі – Каспий теңізі, ол достық пен ынтымақтастық теңізі болуға тиіс. Оның құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет, ал сарапшылар бұл бағыттағы қызметін одан әрі жүзеге асыруы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті өңірде бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етуге барлық елдер мүдделі екенін атап өтті.
Хасан Рухани Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің ұлықтау рәсіміне қатысқаны үшін алғысын айтып, Қазақстанның Иран үшін достас ел, өте маңызды серіктес болып саналатынына тоқталды.
– Бізде өзара ынтымақтастықтың орасан әлеуеті бар. Бізге тек екіжақты сауда-экономикалық байланысты ғана емес, елдеріміздің мәдениет саласындағы өзара іс-қимылын да дамыту өте маңызды, – деді Иран Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Хасан Рухани өңірлік қауіпсіздік пен халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді де талқылады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу аясында Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті.
Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмомали Рахмон екі елдің өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылы мәселелерін қарастырды.
Сонымен қатар, тараптар өңірлік қауіпсіздік ахуалы жөнінде пікір алмасты.