Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қабылданған шаралар үкімет тарапынан қаржыландырылуы заңды құбылыс десек те, ұлттық құндылықтардың бүкілхалықтық қолдауға ие болуы бәрінен маңызды. Бұл ретте мәдени мұраны түгендеуге барынша атсалысып жүрген ғалымдарымыздың еңбегін айрықша атап өткім келеді. Шетелдік архив қорларынан табылған құндылықтарды ғылыми айналымға түсіру, ғылыми және танымдық еңбектерді жарыққа шығару ісінің қай-қайсысы да қашанда қаржыға келіп тірелетіні сөзсіз.
Міне, осындай сәтте көмек қолын созатын зиялы азаматтардың арамызда болуы халқымыздың ұлттық кодынан берік орын алған жомарттықтың көрінісі дер едік. Игі іске үнемі мұрындық болып, жомарттықтың үлгісін көрсетіп жүрген сондай абзал жанның бірі – Ғани Смаханұлы.
Алаш қайраткерлерінің ұлтты ұлықтаған ұлы істері мен өнегесіне мектеп қабырғасынан қанып өскен ол Алаш қозғалысының 100 жылдығы аталып өтіп жатқан тұста ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары, құжаттары мен фотолары жинақталған көлемді кітапты өз қаржысымен жарыққа шығарды. Мамандығы дәрігер-терапевт болғанына қарамастан жан-дүниесі ұлттық жауһарларға жақын ұлтжанды азамат қашанда рухани істердің жанашыры. Тарихқа үңілсек, қазақта мұндай Атымтай жомарттар аз болмаған. Мұндайда есімі мұз айдынымен танымал Медеу қажы Пұсырманұлының Алматы қаласында мешіт-медресе, мектеп салдырғаны, жарлы-жақыбайларға арнап шайхана ашқаны, әйгілі Алматы апортының Жетісу жеріне кеңінен таралуына тікелей ықпал еткені тілге тиек етілетіні сөзсіз. Еліне сіңірген ұшан-теңіз еңбегіне қарамастан жаны жомарт тұлғаның елеусіз қалып, қабірінің басына әлі күнге дейін қол қысқалығынан ескерткіш-белгі орнатылмай келгенін біреу білсе, көпшілігіміз біле бермейміз. Міне, сол айтулы тұлғаның есімін ұлықтауда Ғани Смаханұлының еңбегін айрықша атап өткім келеді. Меценат азаматтың демеушілік етуімен Медеу қажы Пұсырманұлы мен әке дәстүрін жалғастырушы ұлы Жайшыбектің Алматы облысы Іле ауданындағы қабірлерінің басы қарайтылып (арада 100 жылдан астам уақыт өткенде), құлпытас орнатылған болатын.
Ел үшін ерен еңбегімен танылған мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың өнегесін ол бойына терең сіңіріп өскен азамат. Ұлыларымызды ұлықтауға қызмет етіп келе жатқан қоғамдық ұйымдардың бастамаларын да назардан тыс қалдырмай, үнемі қолдау білдіріп отырады. Ғани Смаханұлының риясыз көңілімен қолұшын созған игі істерінің бірі – ұлтымыздың тау тұлғалы қос мақтанышы, он үш жыл Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновқа, сондай-ақ «қазақ мұнайының атасы», белгілі мұнайшы Сәфи Өтебаевқа қоладан құйдырып жасатқан кеуде мүсіндері болашақ өскелең ұрпақ үшін тағылымы мол тәрбие мектебі саналады. Сайып келгенде, қарапайым қазақ баласының демеушілігі арқасында тұлғалардың ескерткіштері өз тұғырына орнатылып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ғани Смаханұлы ұлт руханиятының алдыңғы шебіндегі ғалымдармен де ағалы-інідей тығыз шығармашылық байланыста екенін айта кету парыз. Сондай сыйлас ағаларының бірі, қазақтың белгілі ғалымы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәлі Баешов болатын. Әбдуәлі ағасының ұстазы, атақты ғалым Евней Бөкетовтің 95 жылдығына арналған «Елу жыл ғылым мен білім жолында» атты еңбегінің 3 мың таралыммен жарық көруіне демеушілік жасауы – азаматтық қырының тағы бір жарқын көрінісі.
ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, еліміздің тұңғыш антрополог-ғалымы, профессор Оразақ Смағұловтың есімін жұрт жақсы біледі. Жаңашыл идеясы үшін, қайта құру қарсаңында жарыққа шығарған еңбегі тоталитарлық қоғамның идеологиясы тарапынан ұлтшыл деп айыпталып, біршама қуғын-сүргінге ұшырағанынан да құлағдармыз. Солай десек те, Оразақ ағаның қазақтың алғашқы диссиденті Махмет Құлмағамбетовпен бала кезінен достық қарым-қатынаста болғанын, құжаттар негізінде ұзақ жылдар «Қазақтың айбарлы диссиденті» (Махмет Құлмағамбетовтің өмір жолы)» атты көлемді қолжазба дайындағанын көбіміз біле бермейміз. Атынан ат үркетін, кеңестік билікке қарсы шыққан айтулы азамат туралы ащы ақиқат алға тартылған кітапты қаржыландырып, жарыққа шығара қою оңай іс емес екендігі әу бастан белгілі еді. Оразақ аға бұл еңбекті шығаруды ел тәуелсіздігі жолында қиын жолды таңдаған досының алдындағы парызым деп түсінді. Ал Ғани Смаханұлы Махметтей азаматтың тұтастай коммунистік жүйеге қарсы шыққан жанкешті қызметіне, әруағына бас иіп, осы игілікті іске мұрындық болуды ұйғарды. Мұны өзінің ұлт алдындағы азаматтық міндетім деп санады. Бұл қолжазба да Ғани Смаханұлының демеушілігімен мың дана таралыммен жеке кітап болып басылып шықты.
Сол сияқты 2013 жылдан бері жарық көрмеген ақын-жырау Сардарбек Омарұлы Қожағұловтың абыз, әулие, батыр Райымбек Түкеұлы Ханкелді немересіне арналған «Райымбек» жыр-дастаны кітабы да мың дана таралыммен қалың оқырманға жол тартты.
Қазақ руханиятына ғана емес, бүкіл түркі әлемі мәдениетіне ортақ тұлға, қазақтың алғашқы кәсіби дипломаты Нәзір Төреқұловтың бірнеше жылдан бері тартпада жатып қалған Сәрсен Бек Сахабат дайындаған «Нәзір әлемі – Мир Назира» атты еңбегі меценат Ғани Смаханұлының демеушілігімен таралымы екі мың данамен оқырманға ұсынылды. Менің пайымымда, руханиятқа риясыз қызмет ету қолы ашық, жаны жомарт жандардың ғана қолынан келеді. Руханиятқа құйған қаржысының қайтарымын күткен адамның әрекеті жомарттыққа жатпайды, ол – таза бизнес. Дәрігер-терапевт Ғани Смаханұлы сияқты меценат азаматтардың мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарып келе жатқан мұндай қайырымдылық әрекеттері ұлтымыздың рухани жаңғыруындағы айшықты дәстүрдің үлгісі ретінде сүйіспеншілік туғызады.
Хазретәлі ТҰРСҰН,
тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры