Қоғам алдында қарым-қатынас этикетін қатаң қадағалайтын ағылшын ханзадасы Чарльз бен француз елінің президенті Эммануэль Макронның өзі жан қысылғанда үнділер мен буддалар сияқты екі алақанын кеуде тұсына түйістіріп тұрып амандасқанын байқамай қалды, Нигерияның министрлері ләңгі ойнайтын адамша екі аяғын алмастыра тебісті, спортшылардың шынтақпен қағысқанын миллиондар іліп алып, құптады. Арасында өткен ғасырлардағы сарай ханшайымдарының реверанстары, аса айырықша жағдайларда қолданатын Ваканда, Вулкан сәлемдесулері байқалды. Қысқасы, вирустан сақтануға байланысты шаралардың алдыңғы легінде әр халыққа тән өзіндік сәлемдесу салтының ғажап үлгілері көз алдымызда қайта жанданып түледі.
Әлемдік пандемия әлегі қарапайым қол жуу тәсілінен бастап аптаның жеті күні мен жиырма төрт сағаты бойы үйде отырған адамдарға уақытты тиімді пайдаланудың түрлі жолдарын үйретіп жатыр. Қайғыны да қажетіне жаратуға үндейтін қазаққа карантин кезінде қайта үйренуге тура келетін амалдың үлкені амандасу дағдысы болар деген ойға келдік. Себебі сәлемдесу құндылығы қазақ үшін о бастан басты орында тұрады. Әлеуметтік ортадағы жасы үлкен қарияның, ер адамның, қыз-келіншектердің, балалардың сәлем беру мәдениетін кеңінен зерттесе, ізгі тілек, адал ниеттен туындайтын бұл тамаша тәрбие дәстүрінің талай үлгілері жарқырап шығар еді.
«Сен бүгін тамақ іштің бе?» деп хал сұрайтын қытай мен «Ауа райы тамаша» деп амандасатын грендландиялықтар, ізет-құрметін де, ризашылығын да радиуспен бұрылып білдіретін жапондар дәл осылай сәлемдесуді аспаннан алған жоқ. Халықтың тұрмыс салты, діни сенімі, ұлттық танымы негізінде қалыптасып, орнықты. Сәлем беру салтын тұтас халық болмысының хабаршысы десек, тұрмысы төрт түлікпен байланысты қазақтың «Мал-жан, ел-жұрт аман ба?» деп басталатын амандасуы өркениет ығыстырған құндылықтар қатарында өмір салтымыздан алыстап бара жатқанын өзек өртене тұрып мойындауға тура келеді. Ен далада еркін жусаған мал кеміп, ата кәсіппен айналысу архаизмге айналған соң сәлем сұрқының қашып, өзгеріске түсуі заңды. Бұл бірте-бірте еркіндікке бой ұрып бара жатқан жаһан халықтарының амандасуы да ерекше бола бастағанының болмашы көрінісі болғанымен, жойылып бара жатқан рухани жәдігер жалғыз бұл емес. Түркі тілдес халықтардың отаны Орталық Азияда, оның ішінде біздің жерімізде ер адамдардың оң қолымен сол жақ кеудесін, жүрек тұсын басып тұрып, бас иіп сәлемдесу салты кеңінен тарағаны белгілі. Әрине, асыл дінімізбен бірге келген «Ассалаумағалейкум» мен «Уағалейкумассалам» әдебі амандық-саулық сұрасуды жаңаша алмастырды, алайда жерімізді иеленген, күштеп көшіріп әкелген этностардың батыстық үлгімен қол беріп амандасу, ол аз болса, алақанын арқаға жүгіртіп, жотадан қағу, бала-шаға, жас-кәрі, әйел-ер демей жағалата беттен сүю адамдарды жақындастыра түседі, өзара сенім ұялатады деп сендіргенімен, ертеден келе жатқан құндылығымызды құлдыратып жіберді.
Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы беттен сүйіп сәлемдесудің өте қауіпті екенін, оның медициналық жағынан теріс, небір жаман дертке бастайтынын, қытайлардың өсіп-өнуінің сырт көзге елеусіздеу көрінетін себебінің бірі, ешқашан кім көрінгеннің, былай да кісінің бетінен сүймейтін қасиетімен байланыстыратынын баспасөз бетінде егжей-тегжейлі баяндаған еді. Бактериолог ғалымдар бір мәрте қол алысып амандасу кезінде теріге қанша миллион микроб келіп қонақтайтынын білсе, адамдар алақанын ала жүгірмек түгілі, қол жуудан қолдары босамай қалар еді, дейді. 50 миллион микроб! Ал ауыз қуысында 700-ден аса бактерия түрінің өмір сүретінін ескерсе, қуалап барып біреудің бетін сүйетіндер күн сайын басын қатерге тігіп жүргенін өзі-ақ түйсініп, 100 миллионға жуық микробты қабылдауға тітіркеніп, тіксініп тұрар еді.
Тәжтажал табиғи рефлексті орындауда жаттан жұққан тұрпайы әдет, артық қылықтан арылудың ғажап мүмкіндігін сыйлап тұр. Карантин кезінде өзекті болып тұрғанда, өз-өзінен сұранып тұрған сәлемдесу салтымызды тірілтіп, өмір сыйлау өз қолымызда тұр. Ұрпақтың мәдениеті мен денсаулығы үшін қайта жаңғыртсақ, дәл осы мәселеде «қой» деп қолымызды ешкім қаға қоймас.