Руханият • 22 Сәуір, 2020

Сәлем – сөздің анасы

1457 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәжтажалдың басты соққысы сәлем­де­су­ге келіп тигенін қараңызшы. Қол беріп аман­дасу қорқынышқа айналып, кісімен ке­зіксе, үркіп қашатын әдет келгелі адам­дар да амандық-саулық сұрасудың жаңа түр­­леріне бейімделіп, кейбірі күлкі шақыр­са да, микробтан қорғанудың ең дұрыс ше­ші­мі ретінде түрлі баламаларды ойлап тауып, қабылдауға мәжбүр болып отыр.

Сәлем – сөздің анасы

Қоғам алдында қарым-қатынас этикетін қатаң қадағалайтын ағылшын ханзадасы Чарльз бен француз елінің президенті Эммануэль Мак­ронның өзі жан қысылғанда үнділер мен буд­далар сияқты екі алақанын кеуде тұсына түйіс­тіріп тұрып амандасқанын байқамай қалды, Нигерияның министрлері ләңгі ойнайтын адамша екі аяғын алмастыра тебісті, спортшылардың шынтақпен қағысқанын мил­лиондар іліп алып, құптады. Арасында өткен ғасырлардағы сарай ханшайымдарының реверанстары, аса айырықша жағдайларда қол­да­натын Ваканда, Вулкан сәлемдесулері бай­қал­ды. Қысқасы, вирустан сақтануға байланысты шаралардың алдыңғы легінде әр халыққа тән өзін­дік сәлемдесу салтының ғажап үлгілері көз ал­дымызда қайта жанданып түледі.

Әлемдік пандемия әлегі қарапайым қол жуу тәсілінен бастап аптаның жеті күні мен жиырма төрт сағаты бойы үйде отырған адам­дар­ға уақытты тиімді пайдаланудың түрлі жолдарын үйретіп жатыр. Қайғыны да қажетіне жа­ратуға үндейтін қазаққа карантин кезінде қайта үйренуге тура келетін амалдың үлкені аман­дасу дағдысы болар деген ойға келдік. Себебі сәлемдесу құндылығы қазақ үшін о бастан басты орында тұрады. Әлеуметтік орта­дағы жасы үлкен қарияның, ер адамның, қыз-ке­лін­шектердің, балалардың сәлем беру мәде­ние­тін кеңінен зерттесе, ізгі тілек, адал ниеттен туын­дайтын бұл тамаша тәрбие дәстүрінің та­лай үлгілері жарқырап шығар еді.

«Сен бүгін тамақ іштің бе?» деп хал сұ­рай­тын қытай мен «Ауа райы тамаша» деп амандасатын грендландиялықтар, ізет-құрметін де, ризашылығын да радиуспен бұрылып біл­діретін жапондар дәл осылай сәлемдесуді аспан­нан алған жоқ. Халықтың тұрмыс салты, діни сенімі, ұлттық танымы негізінде қ­а­лып­тасып, орнықты. Сәлем беру салтын тұтас халық болмысының хабаршысы десек, тұр­мысы төрт түлікпен байланысты қазақтың «Мал-жан, ел-жұрт аман ба?» деп басталатын амандасуы өркениет ығыстырған құндылықтар қатарында өмір салтымыздан алыстап бара жатқанын өзек өртене тұрып мойындауға тура келеді. Ен далада еркін жусаған мал кеміп, ата кәсіппен айналысу архаизмге айналған соң сәлем сұрқының қашып, өзгеріске түсуі заңды. Бұл бірте-бірте еркіндікке бой ұрып бара жатқан жаһан халықтарының амандасуы да ерекше бола бастағанының болмашы көрінісі болғанымен, жойылып бара жатқан ру­хани жәдігер жалғыз бұл емес. Түркі тілдес халық­тардың отаны Орталық Азияда, оның ішінде біздің жерімізде ер адамдардың оң қолымен сол жақ кеудесін, жүрек тұсын басып тұрып, бас иіп сәлемдесу салты кеңінен тарағаны белгілі. Әрине, асыл дінімізбен бірге келген «Ассалаумағалейкум» мен «Уаға­лейкум­ассалам» әдебі амандық-саулық сұ­расу­ды жаңаша алмастырды, алайда жерімізді иелен­ген, күштеп көшіріп әкелген этностардың ба­тыстық үлгімен қол беріп амандасу, ол аз бол­са, алақанын арқаға жүгіртіп, жотадан қағу, бала-шаға, жас-кәрі, әйел-ер демей жағалата бет­тен сүю адамдарды жақындастыра түседі, өзара сенім ұялатады деп сендіргенімен, ерте­ден келе жатқан құндылығымызды құл­ды­ра­тып жіберді.

 Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы беттен сүйіп сәлемдесудің өте қауіпті екенін, оның медициналық жағынан теріс, небір жа­ман дертке бастайтынын, қытайлардың өсіп-өнуінің сырт көзге елеусіздеу көрінетін себебінің бірі, ешқашан кім көрінгеннің, былай да кісінің бетінен сүймейтін қасиетімен бай­ланыстыратынын баспасөз бетінде егжей-тегжейлі баяндаған еді. Бактериолог ғалымдар бір мәрте қол алысып амандасу кезінде теріге қанша миллион микроб келіп қонақтайтынын білсе, адамдар алақанын ала жүгірмек түгілі, қол жуудан қолдары босамай қалар еді, дейді. 50 миллион микроб! Ал ауыз қуысында 700-ден аса бактерия түрінің өмір сүретінін ескерсе, қуалап барып біреудің бетін сүйетіндер күн сайын басын қатерге тігіп жүргенін өзі-ақ түй­сініп, 100 миллионға жуық микробты қа­был­­дауға тітіркеніп, тіксініп тұрар еді.

Тәжтажал табиғи рефлексті орындау­да жат­тан жұққан тұрпайы әдет, артық қы­­лық­тан арылудың ғажап мүмкіндігін сый­лап тұр. Карантин кезінде өзекті болып тұрғанда, өз-өзінен сұранып тұрған сәлем­де­су салтымызды тірілтіп, өмір сыйлау өз қолымызда тұр. Ұрпақтың мәдениеті мен денсаулығы үшін қайта жаңғыртсақ, дәл осы мәселеде «қой» деп қолымызды ешкім қаға қоймас.