Спорт • 22 Сәуір, 2020

Азияның хоккей лигасы құрыла ма?

408 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) Азияның екі командасы бақ сынауда. Бірі – Қазақстанның «Барыс» командасы, екіншісі – Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубы. Екі ұжымның да құрылған кездегі негізгі мақсаты өз елінде хоккей спортын кеңінен насихаттап қана қоймай, ұлттық құраманы күшейту және жастарды осы спортқа баулу болатын. Әзірше жоба екі елде де өзін ақтап жатыр деп айтуға негіз бар. Тіпті екі клубтың ҚХЛ-да өнер көрсетуі Азия құрлығындағы басқа елдерге де оң әсер етіп жатқандай.

Азияның хоккей лигасы құрыла ма?

Мысалы, Өзбекстанда хоккей лигасы 2013 жылдан бері жұмыс істейді. 2018 жылы осы елде «Хумо» хоккей клубы құрылып, 2019 жылдан бастап негізгі құрамы Жоғары хоккей лигасына қатыса бастады. Ал биылдан бастап «Хумо» клубының фарм-командасы шайбалы хоккейден Қазақстан ашық чемпионатына қатысқаны баршаға бел­гілі. Сонымен қатар өткен айда құм үс­тінде тіршілік кешетін Біріккен Араб Әмірліктері де біздің чемпионатқа қа­тысуға өтініш берген-ді. Қазіргі уақыт­та бұл ұсынысты Қазақстан хоккей федерациясы қарастырып жатыр. Бәлкім, алдағы маусымда Әл-Айн қаласының командасын ел біріншілігінен көріп қалуымыз әбден мүмкін. Ал күні кеше қырғыз бауырлар да көк мұз үстіндегі додаға «ат қосуға» ниетті екенін білдірді. Осыдан-ақ азиялықтардың хоккейге деген қызығушылығының артқанын байқауға болады.

Қырғыз елінің командасы Қазақстан чемпионатына қатысуға өтініш бер­гені туралы ақпарат БАҚ бетінде жария­лан­ғаннан кейін спорт журналисі Нұр­­ғазы Сасаев әлеуметтік желідегі парақ­шасында «осы сәтті пайдаланып, АХЛ (Азия хоккей лигасы) ашу керек» деген ұсыныс білдірді. Расымен, егер Азия­дағы көршілерімізден тағы осындай бір-екі ұсыныс түссе, онда Азия хоккей лигасы құрылғаны дұрыс. Сарықұрлықтың өзіндік лигасы ашылса Қазақстанға да, Азия елдеріне де тиімді болар еді. Себебі, Азия хоккей лигасын құра отырып, мынадай екі мәселені шешіп алуға болады.

Бірінші, көршілеріміз Азия хоккей лигасына қосылып, хоккей спортын дамытуға зор мүмкіндік туады. Қазіргі таңда қыс мезгілі ұзаққа созыл­майтын (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан) және команда саны аз елдерге хоккейден ішкі чемпионат ұйым­дастырғанымен бәрібір тиімсіз. Сондай-ақ әр қала чемпионатқа қатысатын бір команда жасақтап шығара алмайтыны тағы бар. Ал лайықты қарсылас болмаған соң, ішкі жағдайды бағамдай беріңіз. Тек бір-екі ғана команда жасақтап шығаратын елге, осы жағынан, Азия хоккей лигасын құру тиімді болар еді.

 Екінші, Қазақстанда хоккей спорты жолға қойылған. Жоғарыда атап өткендей командаларымыз ішкі чемпионаттан бөлек, Ресейдің Құрлықтық хоккей лигасы мен Жоғары хоккей лигасында табысты өнер көрсетуде. Бір әттеген-айы «Барыс» сапында өзіміз­дің жігіттердің орнына, Қазақстан азамат­тығын алып, қолдан жасалған «қазақтар» ойнап жүр. Бәлкім Азия хоккей лигасын құра отырып, шетелдік келімсектерден аздап болсын құтылар ма едік, кім білсін?!

Бүгінде «Барыс» клубында ойнайтын қазақ хоккейшілерін санауға бір қолдың саусағы жетіп жатыр. Оның ішінде тек Әлихан Әсетов қана мұзайдынға жиі шықпаса да, ара-тұра бой көрсетіп қояды. Себебі «Барыстың» экс-бас бапкері беларус Андрей Скабелка шетелдің хок­кейшілермен ойнағанды құп көреді. Бірақ қандасымыздың ойыны тәп-тәуір. Бұрындары Талғат Жайлауов «Барыс» сапында өнер көрсететін. Қазір ол да жоқ.

Қазақ хоккейін өрге сүйрейді деп сенген дәл осы легионерлердің кесірінен қазір деңгейміз өсудің орнына төмен құлдырап жатыр. Алысқа бармай-ақ ақпан айында елордада өткен 2022 жылғы қысқы Олимпия ойындарына жолдама беретін хоккей турниріне тоқталайық. Даррен Диц бастаған, Джесси Блэк­кер қостаған ұлттық құраманың «оғлан­дары» алғашқы екі матчта тәуір ойын көрсетіп, Нидерланды мен Украина құрамаларының тас-талқанын шығарған-ды. Ал соңғы шешуші ойында Польша хоккейшілерінен 3:2 есебімен жеңіліп, Олимпиадаға қатысу құқығынан біржола айырылдық. Осылайша өз елімізде өткен турнирде өзге елдің хоккейшілері арқа­сында жолдама иелене алмадық.

Осыдан кейін-ақ шетелдіктерге сенім артпай, рахметімізді айтып, өз елдеріне қайтарғанымыз жөн шығар. Егер шет­ел­діктерге сенім артқаннан мүйіз шықса, баяғыда қарағайдай болар еді. Сондықтан Азия хоккей лигасы құрылып жатса, «Барысты» легионерлерден тазартып, тек өзіміздің қара домалақ жерлестерімізді көбірек ойнатып, соларға инвестиция құйсақ дұрыс болар еді. Әлихан Әсетов секілді қан­шама талантты жігіттеріміздің бағы ашылмай, легионерлердің тасасында қалып жатыр.

Тіпті болмаса, «Барыс» легионерле­рімен бірге ҚХЛ бәсекесіне қатыса бер­сін, оған еш дауымыз жоқ. Тек Азия хоккей лигасы құрылатын болса, «Барыс­тың» орнына ұлттық құраманың намысын қорғауға лайық деген жергілікті жігіттерден құралған команда жасақтап шығарса, тіпті керемет болар еді.

Осы орайда, оқырмандар тарапынан «Сарықұрлықта Азия хоккей лигасын толтыратын команда шыға ма?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бүгінде ҚХЛ-дан бөлек Жоғары хоккей лигасында (ЖХЛ) Азияның жеті бірдей командасы бақ сынайды. Атап айтар болсақ, Қазақстаннан «Номад», «Сарыарқа», «Торпедо», Қытайдың КРС-БСУ, ОРДЖИ, «Ценг Тоу» және Өзбекстанның «Хумо» клубы өнер көр­сетеді. Егер Жапония, Оңтүстік Корея, Тәжікстан және тағы басқа елдер де бір командадан шығаратын болса Азия лигасы құрылуға дайын тұр. Қажет болса, Қазақстан чемпионатындағы командаларды да қосып, екі лига жасауға әбден болады.