Індеттен 1386 науқас емделіп жатыр
Күн тәртібіндегі мәселеге кіріспес бұрын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясына байланысты елдегі ахуалды баяндады. Оның айтуынша, республика бойынша COVID-19 жұқтырған 1852 науқас тіркелді. Алматы қаласында – 606, Нұр-Сұлтанда – 368, Қызылорда облысында – 149 адам вирус жұқтырған. Өткен тәулікте 141 жаңа науқас тіркелді. Инфекцияның таралу деңгейі – 8,2 пайыз.
– Алматы қаласында 82 науқастың 78-інен вирус жоспарланған скриниг тест нәтижесі арқылы анықталды. Олардың 60-ы Орталық қалалық клиникалық ауруханадағы науқастар мен медициналық қызметкерлер екені белгілі болды. Шымкент қаласында тіркелген 23 науқастың 16-сы скрининг бойынша анықталды. Бұлардың ішінде төтенше жағдай департаментінің азаматтары мен емделіп жатқан пациенттер бар. Сонымен қатар қарым-қатынас арқылы карантинде жатқан азаматтарға да жұққан, – деді Е.Біртанов. Министрдің айтуынша, індеттен 19 науқас қайтыс болып, 447 науқас емделіп шыққан.
– Қазір 1386 науқас емделіп жатыр, олардың арасында 100 бала бар. Жалпы орташа жағдайдағылар саны – 258, жағдайы нашар науқастар – 32, қалған 1096 науқастың жағдайы бірқалыпты, – деді Е.Біртанов.
Жиында Премьер-Министр Асқар Мамин эпидемиялық жағдайды ескере отырып, карантин режіміне өзгеріс енгізу және біртіндеп жеңілдету туралы тиісті шешімдер қабылданатынын атап өтті.
– 20 сәуірден бастап, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин режімі жеңілдетілді. Санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, экономиканың бірқатар саласындағы кәсіпорындар жұмысын бастады. Соның ішінде құрылыс, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындарды атауға болады. Басқа да кәсіпорындар мен бизнес субъектілеріне жұмысын жалғастыруға рұқсат берілетін болады. Мұндай жұмыс еліміздің басқа да өңірлерінде жүргізіледі. Дегенмен, бұл санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік қатаң сақталған жағдайда ғана мүмкін, – деді Премьер-Министр онлайн отырыста.
Президент жанындағы Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмысты жалғастыратын кәсіпкерлік субъектілердің тізімін бекітті. Тізімде өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері, көлік, қойма компаниялары, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компаниялар, автосалондар, ТҚС, автожуу, дөңгелек ауыстыру сервисі, автобөлшек дүкендері, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеу және екінші деңгейлі банктер бар.
27 мың шақырым жол жөнделеді
Үкімет отырысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады. Оның айтуынша, аталған бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 5,5 трлн теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған.
– Бағдарлама аясында алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жол салу және реконструкциялау, республикалық желідегі 11 мың шақырым автомобиль жолын күрделі және орташа жөндеу жоспарланған. Автожол саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгені құрайды. Бағдарламаны іске асыру республикалық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 100%-ға дейін жеткізуге, I және II техникалық санаттағы жолдардың ұзындығын 60 %-ға, ақылы жолдардың үлесін 45%-ға ұлғайтуға, жол бойын сервис объектілерімен 100% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді министр.
Оның айтуынша, автожол саласында биыл жөндеу жұмыстарымен республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожолды қамту жоспарланып отыр. Автожол саласының 2020 жылға арналған бюджеті 680 млрд теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен – 421 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 259 млрд теңге қарастырылған.
– Республикалық желі бойынша 4 мың шақырым автожолға құрылыс және қайта жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Бір жарым мың шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі, – деді министр. Сөйтіп жыл соңына дейін республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 89%-ға және 75%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Министрдің айтуынша, барлық қолданылатын материалдар негізінен отандық өндіріс өнімі болады. Наурыз айының соңында оңтүстік өңірлерде құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Жиында белгілі болғандай, алдағы 5 жылда жергілікті жолдардың 27 мың шақырымнан астамын жөндеу жоспарланып отыр. Бұл облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың 95%-ын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл мақсатқа 2020 жылы 259 млрд теңге бағыттау көзделген, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 201,4 млрд теңге, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының жер учаскелерін сатып алуға 4,1 млрд теңге бөлініп отыр.
Авиация саласының кірісі кемуі мүмкін
Б.Атамқұловтың айтуынша, азаматтық авиация саласында коронавирус пандемиясына байланысты ішкі (100%) және халықаралық (98%) авиарейстер уақытша тоқтатылды. Бірақ орын алған жағдайға қарамастан, осы жылдың бірінші тоқсанында жолаушылар ағыны көрсеткішінде өсім байқалады. Есепті кезеңде тасымалданған жолаушылар саны 1,7 млн адамды құрады, бұл 2019 жылғы сәйкес кезеңнен 5,2%-ға артық.
– Биыл Түркістан қаласындағы жаңа халықаралық әуежай мен Шымкент қаласындағы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Үржар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды бастаймыз. Қаржы бөлінген жағдайда Өскемен және Үшарал қалаларындағы әуежайлардың тағы екі ұшу-қону жолағы да қайта жаңартылады. Алдағы 5 жылда 13 аэродром салу көзделіп отыр, – деді министр.
Әуе тасымалы тоқтағанға дейін Қазақстан 26-ға жуық елге 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасын орнатқан-ды. Министр өз сөзінде карантин аяқталғаннан кейін барлық бағыттар қалпына келетінін, азаматтық авиация саласында жоспарланған міндеттер толық орындалатынын атап өтті.
Б.Атамқұловтың айтуынша, авиация саласындағы операциялық кірістердің төмендеуі жыл соңына дейін шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін.
Сонымен қатар «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында темір жол көлігі саласында 2025 жылға дейін магистральдық темір жол желісінің тозуын 49%-ға, локомотивтердің тозуын 58%-ға дейін төмендету жоспарлануда.
– Жолаушылар вагондарының жетіспейтіні белгілі. Сондықтан 6 жыл ішінде 600 жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланған. Биыл 50 вагон сатып алынады, бюджеттік несиеге 20 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте жылжымалы паркті жаңартуға 657 млрд теңге тарту жоспарлануда, оның 455 млрд теңгесі жеке инвестициялар екенін атап өту керек, – деді министр.
Бұған қоса автомобиль көлігі саласында 2025 жылға дейін өңірлерде 4 автовокзал, 6 автостанса және 33 жолаушыларға қызмет көрсету пункті салынбақ.
Жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр аталған жобалардың ең алдымен өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін, бұл мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін айтты.
– Биыл бұрын-соңды болмаған бірқатар жобаны, соның ішінде қайта пайдалануға берілген 2600 шақырым жолды ашу жоспарланған. Темір жол электрификациясы жалғасады. Сондай-ақ 11 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолында ақы төлеу жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл автомобиль жолдарының осы учаскелерін бюджет есебінен күтіп ұстауды одан әрі қаржыландыруды қысқартуға, ал босатылған қаражатты басқа да маңызды жобаларды дамытуға бөлуге мүмкіндік береді, – деді Р.Скляр.
Отырыста «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы жайында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндама жасады.
Тақырыпты қорытындылаған Үкімет басшысы А.Мамин биыл жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын республикалық автожол салу және реконструкциялау жұмысына 200 мыңнан астам қазақстандық тартылатынын атап өтті. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Балқаш – Қапшағай, Қалбатау – Майқапшағай, Меркі – Бурылбайтал, Үшарал – Достық, Ақтөбе – Астрахань, Ұзынағаш – Отар, Петропавл – Ресей шекарасы, Қостанай – Денисовка сияқты учаскелерде 2,6 мың шақырым жолдың қолданысқа берілетінін айтты.
– Биыл пайдалануға берілетін республикалық маңыздағы жолдардың ұзындығы өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық. Жергілікті маңызы бар 3,5 мың шақырым жол жөнделеді. Қазақстан тарихында бұрын-соңды мұндай ауқымды жұмыс жүргізілген емес. Біздің міндетіміз – оларды толығымен орындау. Ол үшін барлық күшті жұмылдыру қажет, – деді А.Мамин. Үкімет басшысы «Нұрлы жол» аясында іске асыру жоспарланған барлық іс-шаралар белгіленген мерзімде аяқталуға тиіс екенін айтты.