Жиын барысында ол дәрі-дәрмектерді еліміздің медициналық ұйымдарына жеткізу жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«2020 жылға арналған бірыңғай дистрибьюторлардың тізіміне 259 млрд теңге сомасына 1385 дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйым алуға шарт жасалды. Эпидемиялық жағдайды ескере отырып, бірыңғай дистрибьютор республиканың медициналық ұйымдарын дәрі-дәрмектермен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдағанын атап өткім келеді. 86 млрд теңгенің дәрі-дәрмектері республика бойынша медициналық ұйымдарға жөнелтілді. Соның ішінде дәрі-дәрмектерді амбулаториялық негізде қабылдаған пациенттерге 47 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілді. Сонымен қатар 27 млрд теңге мөлшерінде дәрі-дәрмек тегін берілді. Республикадағы ауруханаларға 39 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар жіберілді. Бұл ауруханада емделетін пациенттерді үздіксіз қамтамасыз ету үшін жеткілікті болуы керек. Қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда коронавирус инфекциясын жұқтырған 10 мыңнан астам ықтимал науқасты емдеуге жеткілікті дәрі-дәрмек бар», деді Б.Шәріп.
Сонымен қатар ол, елімізге АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия және БАӘ-ден гуманитарлық көмек көрсетілгенін және Қазақстанның ірі компаниялары COVID-19 эпидемиясы жағдайында отандастарына барлық мүмкін көмекті көрсетіп жатқандарын жеткізді.
«Айта кететін тағы бір жайт, бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде «Эутирокс» препаратының жетіспеушілігіне қатысты мәселе көтерілуде. Соған түсінік бергім келеді. «Эутирокс» препараты Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізіміне енгізілген. Препаратты гипотиреоз, гипопаратиреоз диагнозымен тіркелген барлық науқас қабылдай алады. Препарат алты дозада Бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрі-дәрмектер тізіміне енгізілген. Жеткізу кестесіне сәйкес осы уақытқа дейін жоспарланған барлық өнім Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына келіп, медициналық ұйымдарға олардың сұранысы бойынша жеткізілді. Осы «Эутирокс» дәрісі негізінде біз 158 млн теңгеге шарт жасастық. 68 млн теңгеге бұл дәрі-дәрмек барлық медициналық мекемелерге жеткізілді. Сондықтан ол жеткілікті», деді Басқарма төрағасы.