Қаржы • 22 Сәуір, 2020

Тасымал қарқыны төмендеді

116 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық мұнай тасымалдаушы оператор «ҚазТрансОйл» компаниясы биылғы алғашқы тоқсандағы жұмыс көрсеткіштерін жариялады. Үш айдың қорытындысы бойынша тасымалдау қарқыны бұрнағы жылдармен салыстырғанда азайғаны байқалады.

Тасымал қарқыны төмендеді

Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері магистральды мұнай құбырлары жүйесі арқылы тасымалданған мұнай мен мұ­най өнімдерінің, сондай-ақ ауыстырып құйылған өнімнің жалпы көлемі 10 млн 510 мың тоннаны құрады. Бұл был­тырғы үш айдың көрсеткішінен 535 мың тоннаға аз.

– «ҚазТрансОйл» АҚ магистраль­дық мұнай құбырлары арқылы өткен мұнай көлемі 8 млрд 978 млн тонна/км болды. Бұл да 2019 жылдың алғашқы тоқ­санымен салыстырғанда 347 млн тон­на/км аз. Компанияға қарасты құбыр арқылы жасалған жалпы жүк айналымы 10 млрд 738 млн тонна/км болып, өткен жылмен салыстырғанда 538 млн тонна/км-ге төмендегені анықталды, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Қаңтар-наурыз айларында еліміз­дегі мұнай өңдеу зауыттарына «Қаз­ТрансОйл» 4 млн 69 мың тонна мұ­най жеткізді. Сөйтіп, көрсеткіш был­тыр­ғыдан 76 мың тоннаға ұлғайғаны анық­талды. Атап айтқанда, Атырау зауы­тына 1 млн 405 мың тонна, «Петро­Қа­зақ­станОйлПродактс» ЖШС-на
1 млн 225 мың тонна, Павлодар мұнай-химия зауытына 1 млн 329 мың тонна, «CASPI BITUM» ЖШС-на 110 мың тонна көмірсутегі жеткізілді.

 «ҚазТрансОйл» АҚ қуатын пайдаланып Ақтау кемежайында танкерлерге мұнай құю 528 мың тоннаны құрап, былтырғы меже 26 мың тоннаға асыра орындалды. «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС мұнай құбырлары жүйесі бойынша мұнай тасымалдау көлемі 3 млн 700 мың тоннаға жетті. Атырау мен Маңғыстау облыстарына «Астрахан-Маңғышлақ» су таратқышы арқылы 6 млн 603 мың текше метр су берілгенін айта кету керек. Бұл былтырғы көрсеткіштен 231 мың текше метрге көп.