Сондай-ақ өңірде шағын және орта бизнеспен шұғылданушылар үлесі экономикалық жағынан белсенді халықтың 33,5 пайызын құрайды. Бұл дерек республикалық орташа көрсеткіштен 3 пайызға төмен. Себебі экономикалық тұрғыда белсенді азаматтардың дені өңірдегі ірі кәсіпорындарға шоғырланған.
Пандемияның салдарынан өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің қабырғаларына қара тастай батып жүрген мәселелер аз емес. Кәсіпкерлік өкілдері тарапынан түскен түрлі сауалды талдаған «Атамекен» ҰКП Ақтөбе облыстық бөлімшесі басты мәселе салық төлемдері екенін анықтаған болатын. Әйтсе де Мемлекет басшысы шағын кәсіпкерлік өкілдеріне қолдау көрсетудің барлық шараларын белгілеп берді. Жеңілдіктер салық және несие төлемдеріне қатысты мәселемен шектеліп қалмағаны аян. Бұл бағытта Ақтөбе қаласындағы сауда орталықтарында кәсіпкерлердің жалға алатын орындарына төленетін ақы 30-70 пайызға дейін азайтылды.
– Бүгінге дейін шағын және орта бизнес субъектілері тарапынан несиені кейінге қалдыру мәселесі бойынша 765 тапсырыс түсті. Соған сәйкес жалпы сомасы 11 млрд теңге несие қаражаты бойынша 694 тапсырыс мақұлданды. Сөйтіп, кәсіпорындар үшін бір айдан үш айға дейінгі несие қаражаттарын кейінге қалдыру мерзімі қарастырылды, – деді «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.
Ақтөбе облысы