Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстандағы өкілеттігін аяқтағалы отырған Америка Құрама Штаттарының Төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфаксті қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстандағы өкілеттігін аяқтағалы отырған Америка Құрама Штаттарының Төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфаксті қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы дипломатқа Қазақстан мен Америка арасындағы екі жақты қарым-қатынасты нығайту жолындағы табысты жұмысы үшін өз алғысын білдірді.
Тараптар қос елдің түрлі саладағы, әсіресе, аймақтық қауіпсіздік, Ауғанстанға қолдау көрсету, ядролық қарусыздану мәселелеріндегі ынтымақтастығын айрықша атап өтті.
Нұрлан Нығматулин мен Кеннет Фэйрфакс Қазақстан-Америка парламентаралық әріптестігінің даму деңгейін де жоғары бағалады.
Әңгіме барысында Мәжіліс Төрағасы депутаттық корпустың барлық күш-жігері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясында жүктелген міндеттерді орындауға бағытталғанын сөз етті.
Кеннет Фэйрфакс діттеген мақсатқа жету Қазақстанның одан әрі көркеюін қамтамасыз ететінін тілге тиек ете келіп, қазақстандық депутаттардың жұмысына табыс тіледі.
– Менің Қазақстандағы АҚШ елшісі ретіндегі жұмысым аяқталғанымен, мен сіздердің елдеріңізде болып жатқан өзгерістерді ықыласпен қадағалап отыратын боламын, – деді дипломат. Өз кезегінде Нұрлан Нығматулин Кеннет Фэйрфакстің Халықаралық энергетикалық агенттіктегі қызметі өзара қарым-қатынастың, соның ішінде, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.