Аймақтар • 22 Сәуір, 2020

Алматы: Жастарды жұмыспен қамту басты назарда

362 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша онлайн режімде кеңес өткізді.

Алматы: Жастарды жұмыспен қамту басты назарда

Шаһардағы барлық 214 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға 103,9 млрд  теңге бөлу көзделген.  Алматыда алдағы уақытта 26 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады.

Әлеуметтік-мәдени объектілерді, ТКШ объектілерін және көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту және салу жұмыстары жоспарланған.

Сонымен қатар, 125 жоба елдімекендерді абаттандыру аясында іске асырылатын болады. Бұл – аулаларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, скверлер мен парктерді қайта жаңғырту және абаттандыру.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев ТЖ режимін енгізуге байланысты жұмыс істемейтін қалалықтарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін жобалардың сапалы және уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Кеңесте жаңа құрылатын 26 мың жұмыс орнының 50% -ы жұмыссыз жастарға арналып, қала халқын жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүзеге асатыны атап өтілді. Жобалар аяқталғаннан кейін 2,4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылатын болады.

Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру нәтижесінде 47 жаңа нысан, оның ішінде 31 әлеуметтік саладағы нысан салынатын болады. Жұмыспен қамту орталығының сайтында (http://cz-almaty.kz/) іздеушілер мен жұмыс берушілерге өтінім беруге болады. Бүгінгі күні 5964 адам, оның ішінде 640 адам – құрылыс нысандарындағы бос жұмыс орындарына резюме берді.