Алдыңғы күні «Қазмедиа орталығында» Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері «Мыңжылдық көкжиек» бағдарламасы аясындағы шетелге іссапарларының қорытындылары бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
Алдыңғы күні «Қазмедиа орталығында» Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері «Мыңжылдық көкжиек» бағдарламасы аясындағы шетелге іссапарларының қорытындылары бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиынды жүргізіп отырған Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі, академик Меруерт Әбусейітова «Халық тарих толқынында» атты үлкен бағдарламаның бір тармағы саналатын «Мыңжылдық көкжиек» бағдарламасы аясында бір топ отандық ғалымдардың Қытай Халық Республикасына іссапармен барып қайтқанын айта келіп, «Біздің ғалымдар Қытайдан 283 томды құрайтын бірегей мұрағаттық құжаттарды әкелді. Оның арасында Абылай хан мен Қытай императоры Цяньлунның жазысқан хаттарының көшірмелері де бар. Бұл құжаттарды сенсациялық деп атауға болады. Онда Абылайдан басқа да қазақ хандары мен қытай басқарушыларының арасындағы дипломатиялық байланыстың орнатылғаны жөнінде көрсетілген. Абылай хан мен Цяньлун алысқан көп хаттарда тілек, құттықтау білдірілген, тіпті, Қазақ хандығының Цинь империясында елші тағайындағаны жөнінде мәлімет бар. Қытай мұрағатында бүгінде бізге сыры ашылмаған 3 мыңнан астам құжаттар бар екені анықталды, енді солармен жұмыс істеуге тиіспіз», – деді. Ғалым алдағы уақытта осы құжаттардың электронды нұсқасы мен тізбесін жасау қолға алынатынын мәлімдеді.
Жиынға қатысқан Шығыстану институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Жанымхан Ошан неше мыңдаған жылдық жазба тарихы бар Қытай елінің өз көршілері туралы ең көп мәлімет қалдырған ел екенін айтты. Еуразия даласын қоныстанған қазақтардың тікелей ата-бабалары саналатын көне түркі-моңғол тайпаларының мыңдаған жылдық тарихы туралы ең құнды деректердің көбі осы елдің тарихи жазбаларында, мұрағат құжаттарында және тастарында бәдіздеулі екенін жеткізді. «Тас жазбаларды ашу мен зерттеу бұл елде ең қарқынды жұмыстардың бірі. Түркі халықтарына қатысты тарихи тас ескерткіштердің елеулі бөлігі VІ-ІХ ғасырлардағы түркі халықтарының тарихынан сыр шертеді. Бұлар мазмұны жағынан Қытайдың ресми 24 тарихы мен басқа да тарихи шығармаларының ақтаңдақ беттерін толықтырып отыр, аталған ескерткіштердің еліміздің көне тарихын зерттеудегі деректемелік құндылығы, міне, осында», – деді ғалым. Ал, Қытайға іссапармен барған тағы бір ғалым, Шығыстану институтының қызметкері Әсел Мансұрова уақыты бойынша біздің заманымыздың 12-ші ғасырына жататын, Тұрфан, Қашқар, Ганжоу қалаларынан табылған мұралардың ішінде жазулары көне түркі, көне сирия жазуларымен қашалған эпитафиялық ескерткіштердің Жетісу жерінен табылған ескерткіштермен ұқсастығын тілге тиек етті.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».