Қазақстан • 22 Сәуір, 2020

Мыңдаған қазақстандық еңбекақысыз демалысқа жіберілді

891 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдың 13 сәуіріне 2 мыңнан астам кәсіпорынның 24,6 мың қызметкері жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген.

Мыңдаған қазақстандық еңбекақысыз демалысқа жіберілді

Ең көп зардап шеккен Алматы облысының тұрғындары. Бұл өңірде 9,1 мың қызметкердің 6,2 мыңы уақытша табыссыз қалып отыр. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында 3 мыңнан астам адам ешқандай кіріс көзінсіз қалған.  Шығыс Қазақстан облысында да жалақысыз демалысқа жіберілгендер саны басым. Бұған қоса, 149 кәсіпорыннан 8,4 мың адам толық емес жұмыс уақытына көшті. Оның ішінде Маңғыстау облысында 3 мыңға жуық адам бар.

Жалпы, стандарттық жұмыс режимінен шыққан қазақстандықтардың саны 38,3 мың адамға жетті. Оның ішінде 29,9 мың адам уақытша жұмыссыз санатында. Республикалық маңызы бар қалалар арасында ең үлкен соққы Алматы және Нұр-сұлтан қалаларына тиіп отыр.

Бұған дейін төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Нұр-сұлтан және Алматы қалаларында кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын кезең-кезеңімен жаңғырту туралы шешім қабылдаған болатын.  

Кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде соңғы кезекте қандай кәсіпорындар мен ұйымдар іске қосылатыны айтылды. Алматыда өз кезегінде кәсіпорындарды іске қосу кестесі ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар