13 Қыркүйек, 2013

Шарайна

223 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ресей президенті Владимир Путин Американың «Нью-Йорк таймс» газетіне берген сұхбатында АҚШ-тың Сирияға соққы беруі үлкен қатерлерге алып келуі ықтимал екенін ескертті.

шар1СОҚҚЫНЫҢ САЛДАРЫ ТУРАЛЫ ЕСКЕРТТІ

Ресей президенті Владимир Путин Американың «Нью-Йорк таймс» газетіне берген сұхбатында АҚШ-тың Сирияға соққы беруі үлкен қатерлерге алып келуі ықтимал екенін ескертті.

АҚШ-тың Сирияға ықтимал соққысы қазіргіден де көп кінәсіз құрбандықтарға алып келеді. Ал бұл жайт Сирияның шекарасынан да шығып кетуі ықтимал, деді В.Путин. Оның айтуынша, Сирияда уландырушы газ қолданылғанына еш күмән жоқ. Бірақ газды Батыс елдерінің әскери интервенциясын арандату үшін бүлікшілер қолданған деп те ой түюге болады. Ресей басшысы сондай-ақ, АҚШ президенті Барак Обаманың Сириядағы ахуалды бейбіт тәсілмен шешу жолын қарастыруға ұмтылысын қуаттайтынын білдірді.

шар2ТҮРКИЯДАҒЫ ҚАРСЫЛЫҚ ЖАЛҒАСУДА

Түркияда адамдар үкіметке қарсы ұрандатып тағы да көшеге шықты. Бұған Антакьедегі оппозиция шеруіне қатысушылардың бірі Ахмет Атаканың қазасы себеп болды.

Наразылық білдірушілер оның өліміне құқық қорғау органдарын айыптап отыр. Ал полиция болса, А.Атака үйдің төбесінен өзі құлап кетті дегенді көл­денең тартады. Кейбір акциялар полициямен қақтығыспен аяқтал­ған. Измирде, Антакьеде және Хатаеде тәртіп сақшылары де­монс­­транттарға қарсы көзден жас ағызатын газ бен суатқыш қолданған.

шар3ИММИГРАНТТАР САНЫ АЛАҢДАТАДЫ

БҰҰ жариялаған деректерге сәйкес, әлемде иммигранттар саны өсе түскен. Осы жылдың статистикасына сүйенсек, өз елдерінен шеткері жерлерде 232 млн. адам (планетадағы әрбір 30-шы адам деген сөз) өмір сүріп жатыр екен.

Бұл көрсеткіш ХХІ ғасырдың басындағы мәліметтердің үштен біріндей көп. Көптеген иммигранттарды еңбекке қабілетті жастағылар құрайды. Ал өз елдерін тастап кеткендердің басым бөлігі пайызға шаққанда Солтүстік Азиядан шыққандардың үлесінде. Ал иммигранттардың басым ұмтылатын жерлері Еуропа, содан кейін дамыған Азия елдері көрінеді.

шар4КАТАЛОНИЯ ДЕРБЕСТІКТІ ҚАЛАЙДЫ

Ұйымдастырушылардың деректеріне қарағанда, кеше 400-ден астам адам Испанияның солтүстік-шығысындағы Каталония автономиялық облысының 86 елді мекенінде солтүстіктен оңтүстікке қарай қол ұстаса созылып тұрған.

Бұл акцияны Каталония күні мерекесіне орай осы автономияның егемендігін жақтайтындар ұйымдастырған. Оны өткізу үшін бірнеше сағат бойы Францияға апаратын магистральді шоссе мен Каталонияның орталығы Барселона қаласы мен басқа да қалалардың көптеген даңғылдары жабылған. Шара жергілікті үкімет тарапынан қолдау тапқан.

шар5ҰСТАЗДАР ЖАҢА РЕФОРМАҒА НАРАЗЫ

Мыңдаған мұғалім Мехикодағы көлік қозғалысын тоқтатып тастаған. Олар бұрнағы күні Мексика президенті Энрике Пенья Ньето мақұлдаған жаңа білім беру реформасына наразылық­тарын осылайша білдірген.

Наразылық акциясына қатысушылар Мехико әуежайына апаратын жолды жаппақ болған кезде мәселеге полиция араласып, осының салдарынан демонстранттар мен құқық қорғау органдары өкілдері арасында қақтығыс орын алған. Мексикадағы мұғалімдер кәсіподағы жұмыс вакансияларын бөлуді бақылауда ұстайтын жемқорлыққа белшесінен батқан ұйым болып саналады. Жаңа заңда оларға қатысты нақты ештеңе қарастырылмапты.

шар6ТОПАН СУДЫҢ ҚАТЕРІ КҮШТІ

Топан су Амурдағы Комсомольскінің стратегиялық маңызды кәсіпорындарына қатер төндіріп отыр. Қаладан 3 мыңға жуық адам қауіпсіз жерлерге көшірілген. Бір тәулік ішінде Амур өзеніндегі су деңгейі тағы 8 сантиметрге көтеріліп, 910 сантиметрлік белгіге жеткен.

Осындағы кеме жасау зауытында әскери корабльдер мен сүңгуір қайықтар жасалады және жөнделеді. «Топан су зауытқа тым жақындап кетпеуі үшін дамба биіктігі күн сайын ұлғайтыла түсіп келеді. Суды кері сорып алу үдерісі тәулік бойы жүргізілуде. Егер еш шара қабылданбаса, зауыт әлдеқашан су астында қалар еді», дейді Амур кеме құрылысы зауытының техникалық директоры Сергей Большедворский.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:

— АҚШ экономикасы 2007-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы салдарынан 14 трлн. доллар жоғалтқан. Мұны Далластағы федералды резерв банкінің сарапшылары жария етті.

— Нигерия армиясы әуе рейді нәтижесінде радикалды «Боко харам» ислам тобы орналасқан екі базаны жойса, 10 содыр қаза тапқан. Тамыз айында ғана исламшылар тарапынан жасалған шабуылдардан 160-тан астам адам көз жұмса керек.

— Ирак астанасы Бағдад қаласындағы шиит мешіті жанында жасалған жарылыс салдарынан 15 адам опат болған. Жыл басынан бері Иракта лаңкестіктерден шамамен 5 мың адам көз жұмыпты.

— Құрама Штаттар Сирия оппозициясына қару-жарақтың кейбір түр­лерін беруді бастаған. Бұл туралы Сирияның оппозициялық және револю­циялық күштері ұлттық коалициясының өкілі Халид Салех жария етті.

— Мексиканың шығысында сел тасқынынан кем дегенде сегіз адам қазаға ұшыраған. Веракрус штатындағы Коскоматепек муниципалды аумағына қарасты Текоа деревнясында селден құтқару жұмыстары жалғасуда.

— Жапонияның Toyota Motor компаниясы АҚШ пен Канададан 850,5 мыңнан астам Toyota RAV4 және Lexus HS 250h маркалы көліктерді қайтарып алуда. Оған көліктердегі ақау себеп болған көрінеді. Бүгінге дейін көлік иелерінен 130-дан астам шағым түсіпті.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.

Соңғы жаңалықтар