Экономика • 23 Сәуір, 2020

Ақша айналымының ашықтығы артады

188 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық банк Президенттің қаулысы бойынша жыл соңына дейін заңды тұлғалардың банктерден қолма-қол алатын ақша мөлшерін шектеу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Қолма-қол ақшаның шекті мөлшеріне қатысты өзгерістер бірінші маусымнан бас­тап күшіне енеді.

Ақша айналымының ашықтығы артады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Заңды тұлғалар үшін банк­тегі шоттардан шешіп алуға болатын қолма-қол ақшаның шекті сомасы белгіленген. Атап айтсақ, бір ай ішінде шотынан шағын бизнес – 20 млн, орта бизнес – 120 млн, ірі бизнес өкілдері 150 млн теңгеге дейін ала алады.

Сонымен қатар егер заң­ды тұлғалар екінші дең­гейдегі банктерге тиісті негіздемені ұсынса, белгі­ленген лимиттен артық ақша алуға рұқсат етіледі. Өз кезе­гінде соманы көбейтуге ар­налған өтінімді Қар­жы министр­лігінің Мемле­кеттік кірістер комите­тіне жіберіп, 3 жұмыс күні ішінде келісуі керек. Мұн­дай жағ­дайда өтініш қабыл­данбауы да мүмкін. Себе­бі кәсіпкерлердің жыл­дық есеп-қисабына арнайы тек­серіс жүргізіледі. Соның нәти­жесінде ғана рұқсат бері­леді.

– Бұл шешімді қабылдамас бұрын біз жағдайды, оның ішінде заңды тұлғалардың қол­ма-қол ақшаны алу мақ­са­тын және сомасын жан-жақ­­ты зерттедік. Егер ком­па­ния үш жұмыс күні ішін­де Мемлекеттік кірістер ко­ми­­тетінен жауап алмаса, қол­ма-қол ақшаны алу бо­йынша тран­закция автоматты түрде мақұл­данады, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева.

Статистикаға сүйенсек, 2017 жылы заңды тұлғалар банк­тегі есепшоттарынан 1,6 трлн теңге, 2018 жылы 2,4 трлн теңге алған. Ал былтыр бұл сома 2,8 трлн теңгеге дейін көтерілді. Осылайша қол­ма-қол ақшалай алатын қар­жы жылдан-жылға өсуде. Бұл ретте, кәсіпкерлердің өзде­рі көрсеткендей, аталған қара­жат белгілі бір тауарлар мен әртүрлі қызметтер ақы­сын төлеуге жұмсалады. Ком­паниялар мұндай операция­ларды қолма-қол ақшасыз да жүргізе алады. Ешқандай шек­теу жоқ, оған барлық қа­жет­­ті жағдай жасалған. Мыса­­лы, 2019 жылы заңды тұл­­ға­­лар 65,6 трлн теңге со­ма­ға қол­ма-қол ақшасыз тауар­лар мен қызметтер ақы­сын төле­ді, бұл алдыңғы жыл­­ғы көрсет­кіштерден 14%-ға жо­ғары.

Экономист Расул Рыс­ман­бетов енгізілген лимиттер бизнеске теріс әсер етпейтінін айтады.

–  Төлемдерді онлайн режімде аудару бұрыннан келе жатқан іс. Қолайлы жағдайды пайдалана отырып, Ұлттық банк тұтастай алғанда қолма-қол ақша айналымын неғұрлым ашық көрсетуге көшті. Бұл қаржының үлкен көлемін «көлеңкеден» алып шығуға көмектесетін таптырмас шешім. Көлеңкелі бизнес жасайтын орта және ірі компаниялар көп болғандықтан, жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдері қиындыққа тап болмайды деп ойлаймын. Сондықтан бұдан келер ешқандай қауіпті көріп тұрған жоқпын. Өкінішке қарай, бүгінде көлеңкелі бизнеске қарсы күрес туралы көбірек айтуға мәжбүрміз. Сонымен қатар енгізілген лимиттерді банкпен келісім бо­йынша реттеп отыруға да болады ғой, – дейді сарапшы.

Айта кетейік, бұл шектеудің қатысы жоқ заңды тұлғалар санаты да бар. Соған байланыс­ты Қаржы нарығын реттеу агенттігі өз шешімін шығарды. Бұл қатарға жеке кәсіпкерлер, микрокәсіпкерлік субъектілері,  азық-түлік және балық өнімін сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғалар, тамақ өнімдерін, сусындарды, фармацевтикалық,  медициналық және ортопедия тауарларын бөлшек сатумен айналысатын кәсіп иелері жатады.

Д.Ғалиеваның айтуынша,  Ұлттық банктің шешімі көлеңкелі экономиканы төмендетуге, бизнес субъектілер жүргізетін опера­циялардың ашықтығын арттыруға жол ашпақ. Әрі заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы күреске және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, қол­ма-қол ақша нысанында есептеудің шекті мөлшерін белгілеу тәжірибесі басқа елдерде де бар.

Айталық, Еуропалық одақ елдерінде қолма-қол ақшамен төленетін мәмілелер мен сатып алулар бойынша шекті мөлшерлер заңға байланысты 1-15 мың еуро аралығында. АҚШ-та – 10 мың долларды, Канадада – 10 мың Канада долларын, Аустралияда 10 мың Аустралия долларын құрайды.

– Банктер жалақы жобаларын ұйым­дастырған. Бізде төлемдер, қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар мен аударымдар жасауға арналған қолайлы орта бар. Былтыр орташа статистикалық есеп бойынша, бір заңды тұлға жылына шамамен 9 млн теңгені немесе айына 747 мың теңгені қолма-қол ақшамен алған. Біз енгізетін лимит жоғарыда көрсетілген саннан әлдеқайда жоғары. Сондықтан біз бизнес үшін қандай да бір қиындықтар туындайды деп ойламаймыз, – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Төтенше жағдай кезінде әлеу­меттік-эко­номикалық тұрақ­тылықты сақтау Үкіметтің басты міндеті екені белгілі. Күрделі кезеңде туындаған кедергілерді еңсеру үшін шұғыл әрі нақты шешімдер қабылдауға тура келеді. Ұлттық банктің бұл қадамын осыған жатқызуға болады.