Қоғам • 23 Сәуір, 2020

255 мың жұмыс орны ашылады

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде Қазақстанда 6,5 мың инфрақұрылымдық жоба бойынша 255 мың жаңа жұмыс орнын ашу жос­парланып отыр. Жол картасы Үкімет басшысының биылғы 27 наурыздағы өкімімен бекітілген болатын.

255 мың жұмыс орны ашылады

Ең көп жұмыс орны Алматы қала­сында ашылады деп жоспарланған, мегаполисте 26 мың адам жұмыспен қамтылуға тиіс. Одан кейінгі орын­дар­дағы Түркістан облысында – 21,9 мың, Алматы облысында 21 мың адамға жұмыс беріледі.

Қызметкерлердің кемінде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа алынады деп күтілуде. Жастарға басымдық берілетінін айта кету керек.

Жұмыспен қамтудың жол картасы инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді. Олар: әлеуметтік-мәдени объектілерді күрделі және ағымдағы жөндеу, реконс­трук­­циялау және салу (білім беру, ден­саулық сақтау, әлеуметтік қамсыздан­дыру, мәдениет, спорт, демалыс және тағы басқа объектілер); тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау (сумен жабдықтау, кәріз, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері); инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкция­лау және салу (автомобиль жолдары, тро­туарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер, арналар, су шаруашылығы объектілері мен құрылыстары); елді мекендерді абаттандыру (аулаларды абаттандыру, көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесіз объектілерді бұзу және тағы басқалары).

Осы төрт бағыттағы жұмысты жүзеге асыруға барлығы 1 трлн теңге бюджет қаражаты бөлінді. Оның 37%-ы, яғни 373 млрд теңге  құрылыс жұмыстарына, 19%-ы – 182 млрд теңге күрделі жөндеу жұмыстарына, 31%-ы 2 308 млрд теңге  ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарына, 16 %-ы, яғни 127 млрд теңгесі  нысандар мен құрылыстарды реконструкциялауға жұмсалады.

Жоспар бойынша күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау жұмыстары республикалық немесе коммуналдық меншіктегі объек­тілер бойынша жүргізіледі. Инфра­құ­ры­лымдық жобаларды іріктеуді және жұмыстарды іске асыруды жергі­лікті атқарушы органдар есептелген қар­жыландыру лимиттерін және жұмыс­тардың тиісті құжаттамасының болуын негізге ала отырып жүзеге асырады.

Алматы облысында – 977 жобаны, Шығыс Қазақстанда – 813, Жамбыл облысында – 690, Қарағанды облысында 625 жобаны іске асыру жоспарлан-
ған.