Логистикалық қызметті әлемдік стандарттарға сай ету елдегі басты міндеттердің біріне айналғаны мәлім. Өйткені, дүниенің төрт тарабына транзиттік дәліз қызметін көрсетуді көздеп отырған Қазақстан логистика саласын жетілдірмей, түпкі мақсатына жетуі неғайбыл.
Логистикалық қызметті әлемдік стандарттарға сай ету елдегі басты міндеттердің біріне айналғаны мәлім. Өйткені, дүниенің төрт тарабына транзиттік дәліз қызметін көрсетуді көздеп отырған Қазақстан логистика саласын жетілдірмей, түпкі мақсатына жетуі неғайбыл.
Таяуда «KAZLOGISTICS» көлік одағы Павлодарда «Ертіс өзеніндегі өзен көлігімен ішкі сулар арқылы транзиттік жүк айналымын ұлғайту болашағы туралы» дөңгелек үстел өткізді. Онда Көлік және коммуникациялар министрлігі мен «KAZLOGISTICS» көлік одағының көлік логистикасын дамытудың 2013-2014 жылдарға арналған бірлескен жоспары қаралды.
Дөңгелек үстел отырысына Көлік және коммуникациялар министрлігі, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдігі, «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасы, бизнес құрылымдар, сондай-ақ аталған екі облыстың республикалық және мемлекеттік құрылымдарының өкілдері қатысты. Отырыста Павлодар облысы әкімінің орынбасары Н.Әшімбетов қатысушылардың назарын Ертіс өзенінде кеме жүргізу мәселесіне аударды. Ол Көлік және коммуникациялар және Қоршаған ортаны қорғау министрліктерінен Ертіс өзенінің табанын тазалап, тереңдету жұмыстарын Павлодар облысындағы су ресурстарын дамыту жобасы жоспарына орай Павлодар өзен порты аумағының көліктік-логистикалық құрылысы қатарына қосуды сұрады.
Сөйтіп, дөңгелек үстелге қатысушылар Ертіс өзенінде кеме жүргізу проблемасын талқылады. Себебі, сәуір мен қараша айларына дейін Қазақстан аумағында Павлодар телімімен Ресей шекарасына дейін мың тонна ғана жүк көтеретін су көліктері өзенмен жүре алады. Ал, ресейлік көліктердің жүк көтеру мөлшері 2000-3000 тоннаны құрайды. Сондықтан, Ертістің біздегі бөлігінде керекті тереңдікті қамтамасыз ете алмағандықтан ресейлік кемелер қазақстандық су жолдарына тек көктемгі су көтерілген кезде ғана кіре алады екен. Негізі, өзен флотын тиімді пайдалана білсек, болашақта су көлігі бойынша жүк айналымын еселеп арттыруға мүмкіндік бар. Мәселен, Қытай-Қазақстан-Ресей транзиттік тасымалдауда Ертіс арқылы Павлодардан Омбыға, одан әрі қарай Обь өзенінің ішкі жағына дейін 10 миллион тонна жүк тасымалдауға болады – дейді мамандар. «Павлодар өзен порты» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы К.Сыздықов Ертіс өзенімен тасымалдауға болатын жүктер туралы әңгімеледі. Төрағаның айтуына қарағанда, Омбы мен Түмен облыстарының Ертіс өзені арқылы жеткізілетін қиыршық тасқа сұранысы бүгінгі таңда жылына бес миллион тоннаға дейін барады екен. Ал, Омбының көмірге сұранысы жылына 4 миллион тоннаға жеткен көрінеді. Оған қоса, Қытай мен Түмен облысының контейнерлік жүк айналымы былтыр 4,5 млн. тонна болыпты.
Қазіргі таңда Омбы аумағындағы орман қорының көлемі 400 млн. ал, Түмен облысында 924 млн. текше метр шамасында екен. Бұл ірі сандарды көрсетіп отырған себебіміз, бірқатар орман ағаштарын дайындаушылардың айтуына қарағанда, оны тасымалдаудың бірден-бір тиімді жолы өзен көлігі көрінеді. Себебі, ол аймақтар батпақты, автокөлік инфрақұрылымы дамымаған. Сондай-ақ, біздің ел өзен арқылы мұнай өнімдерін, темір-бетон бұйымдарын, құбырларды, азық-түлік және техникалық тұздарды тасымалдай алар еді. Осы мүмкіндіктердің тиімділігін саралаған дөңгелек үстел отырысына қатысушылар Көлік және коммуникациялар министрлігінің атына арнайы үндеу қабылдады. Онда Қазақстан Республикасының көлік жүйесі инфрақұрылымын дамытудың 2020 жылдарға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы жобасына Ертіс өзенінің табанын тереңдетіп, өзенді тазарту жұмыстарын қосып, қазақстандық бөлігіндегі проблемаларды шешу жолдарын ұсынды. Мұнымен бірге, министрлікке Ертіс өзенінің ресейлік жағының табанын тереңдету жұмыстарын атқаруға көрші елдің тиісті мекемелерін тарту сұралды. Бұған дейін ағымдағы жылдың сәуір айында екі елдің көлік жөніндегі кіші комиссиясының тоғызыншы отырысының шешімі бойынша Павлодардан бастап ағыс бойымен 1930 шақырымға дейін өзен табанын 190 см. қазу жайы қарастырылған еді. Енді осы жүйелі іс жүзеге асса, су жолдарының тынысы кеңейіп, ел ырысының артуына өз үлесін қосады деген үміт бар.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
< strong>«Егемен Қазақстан».