13 Қыркүйек, 2013

Кенесарының бас сүйегі туралы іздестіруді жалғастыруға тиісті ведомстволарға тапсырма берілді

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында сақтаулы тұр деп есептеліп жүрген қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегіне қатысты мәселе қайта көтерілді. Бұл Премьер-Министр Серік Ахметовтің депутаттар сауалына қайтарған жауабы арқылы белгілі болып отыр.

 

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында сақтаулы тұр деп есептеліп жүрген қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегіне қатысты мәселе қайта көтерілді. Бұл Премьер-Министр Серік Ахметовтің депутаттар сауалына қайтарған жауабы арқылы белгілі болып отыр.

Оған оралуға мынадай жағдай себеп болған. Үсті­міз­дегі жылғы 21 маусымда «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдап, онда Үкімет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, Кенесарының бас сүйегін Ресейден алып келудің жайы алға тартылған еді. Фракция мүшелері өз жолдауларында сондай-ақ белгілі тарихшылар мен жазушылардан істі атқаратын жұмыс тобы жасақталуы керектігін жеткізіпті.

Күні кеше осыған орай Үкімет басшысы өзінің нақты жауабын берді. Премьер-Министрдің жауабында: «Аталған мәселе елімізде жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының және бұдан тыс ғылыми зерттеулер шеңберінде өзекті жоба ретінде зерделенгені белгілі. Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері, Астана қаласының әкімдігі жүзеге асырған экспедициялар, ресми сұрау жолдау сияқты шаралардың нәтижесінде Кенесары ханның бас сүйегінің Ресейдің тиісті мекемелерінің экспонаттары қатарында тіркелмегені туралы мәліметтер алынды», – делінген.

Сонымен қатар, Серік Ахметов жұмыс тобын құрудан бұрын ал­дыңғы кезекте бас сүйектің орна­лас­қан орнын анықтау бойынша ғылыми зерделеу жұмыстарын жаңғырту жөн екендігін жеткізіпті. Өз жауабында Серік Нығметұлы тиісті ведомстволарға ұлттық тарихты зерделеу шараларының шеңберінде ұсынысқа қолдау көр­сету туралы тапсырма берілгенін хабар­лады.

Расында да дәл қазір Кене­са­ры­ның бас сүйегінің нақты қай­да жатқанын ешкім білмейді. Әзір­ге ол Эрмитажда немесе Кунст­ка­ме­рада тұр деген екі түрлі болжам бар. Демек, ендігі бірінші міндет осы түйінді тарқатып алу болмақ.

Мұрат АЙТҚОЖА.

Соңғы жаңалықтар