Байқасаңыздар, соңғы кездері еліміз ұлттық спортқа ерекше көңіл бөліп, ден қойып келеді. Ұлттық ойындарымыз өңіріміздің барлық саласында көрініс тауып отыр десек, қателеспейтініміз анық.
Байқасаңыздар, соңғы кездері еліміз ұлттық спортқа ерекше көңіл бөліп, ден қойып келеді. Ұлттық ойындарымыз өңіріміздің барлық саласында көрініс тауып отыр десек, қателеспейтініміз анық.
Бұқаралық ақпарат құралдарын ақтарып отырсаңыз да, телеарнаны қоссаңыз да ұлттық ойындарымыздың насихатталып жатқанын оқисың, көресің, естисің. Мәселен, «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан жиі көрсетілетін көкпардың өзі делебеңді қоздырып, айызыңды қандырады. Сондай-ақ, осы телеарнадан көрсетілген «Қазақстанды таныту» телевизиялық жобасы да ұлттық ойындарымыздың бірі – асықты да жақсы таныта алды. Бұдан өзге журналистер, түрлі сала қызметкерлері арасында ұлттық ойындардан өтіп тұратын сайыстар да елімізде ұлттық ойындарымыздың кеңінен танылып келе жатқанын айғақтайды.
Алайда, бұл үрдіс мектеп оқушылары арасында кеңінен жайылмай келеді. Сондықтан да, біз ұлттық ойынды мектепте тәжірибе жүзінде жасап көруді жөн деп білдік. Қарағанды қаласының №101 мектеп-лицейінің бірінші сынып оқушылары арасында «Көңілді мәре» жарысын таза ұлттық ойындар негізінде өткіздік. Жалпы, «Көңілді мәре» – әр меткептің өткізетін ойыны. Алайда, көбісінде ұлттық нышан байқалмайды. Біз осы қағиданы бұзып, бұл ойынды ұлттық арнаға бұрдық.
Мектебімізде өткен «Көңілді мәреге» бірнеше ұлттық ойындарды қостық. Атап айтсақ, «Бәйге», «Теңге ілу», «Қол күресі», «Арқан тартыс», «Асық ату» секілді ұлттық ойындар сайысымызда көрініс тапты. Ойын барысында қатысушылардың бойынан ерекше сезім байқадық. Мұның бәрі ұлттық ойынның қазақ жанына етене жақын болғанынан деп білдік.
Ұлттық ойындар – саламатты өмір салтын мұрат тұтқан арманшыл, елі мен жерінің қамын ойлайтын, ұлтқа тән барлық қасиетті қадір тұтатын, дара тұлға – жаңа адамды тәрбиелеп шығарудың маңызды құралы. Сабақ барысында немесе сабақтан тыс кезде баланы ұлттық ойын арқылы өмірге тәрбиелеу үздіксіз үдерістің жалғасы болуы тиіс. Мектеп оқушыларына дене күшін, қозғалыс дағдыларын дамытуға байланысты ұлттық ойын түрлері физиологиялық, психологиялық тұрғыдан қазіргі заман талабына сай ары қарай дамытуды қажет етеді. Мектепте оқушыларға ұлттық ойындардың құндылығын насихаттаумен қатар, оларды қолданудың озық тәжірибелерін жинақтау және дамыту керек.
Жалпы, ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге жеткен мұра сияқты өткен күн мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз, өнеріміз. Сондықтан оны үйренудің, күнделікті өмірде пайдаланудың пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін оятып, бүкіл өмірімен жалғаса береді. Ойын сан ғасырлар өтсе де адамзат баласына ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы болып қала береді.
Баяғыда ауылда оқығанда үзіліс сайын ұлдар мектептің көзден таса жеріне шығып алып, мұғалімдердің көзіне түспей жердің апай-топайын шығарып асық ойнап жататын. Мұғалімдер байқап қалатын болса, «асық ойнаған азар»деп шырылдатып тұрып асығын тартып алушы еді. Қазір өзім мұғалім болғандықтан, сол кездегі ұстаздардың бұл әрекеті дұрыс болмапты-ау деп ойлаймын. Қазіргінің баласы қоңырауға шыға сала асық емес, ұялы телефонымен ойнап отыратын болды. Ендеше, бүгінде мектеп оқушыларының арасында да ұлттық ойындарымызды кеңінен насихаттайтын бағдарлама керек деп есептеймін.
Динара СӘКЕНОВА,
Қарағанды қаласындағы
№101 мектеп-лицейінің мұғалімі.