Жұқпалы індеттің өршуіне байланысты вахталық ауысымнан қайтқандар әуежайда коронавирусқа қарсы тексеруден өтіп, хаттамаға сәйкес оқшауланады. Қазір келген 64 адам арнайы автобуспен Қапшағай қаласының маңына жеткізіліп, «Күншуақ» демалыс орнына орналастырылған.
- Үйіне оралған серіктіктік қызметкерлері соңғы айда Теңіз кенішінде вахталық ауысымда жұмыс істеген, бірақ COVID-19 инфекциясы анықталған Ватернас вахталық кентінде тұрмаған. Дегенмен, қауіпсіздік мақсатында әуе рейсіне коронавирус инфекциясына тексеру экспресс-тестінің нәтижесі теріс болғандар ғана отырғызылды. Олар Қапшағай қаласына жеткізілгеннен кейін екі күн карантинге алынады. Облыс басшылығының тапсырмасымен аталған демалыс орнында барлық санитарлық-дезинфекциялық шараларды сақтай отырып, карантин кезінде жолаушылардың өмір сүруіне қажетті барлық жағдайлар толық қарастырылған. Екі күннен кейін аталған жолаушылар тұрғылықты жерлеріне арнайы автобустармен жеткізілетін болады, - деп хабарлады жағдайға орай түсінік берген Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.