«Өздеріңіз де байқап отырсыздар, бұзаулардың өлімі көп тіркелген. Тіпті бұзаулардан сілекей де ақпайтын көрінеді. Кеше енесін еміп тұрған бұзау бүгін өліп қалады екен. Алайда қазір жағдай біршама тұрақталды. 22 сәуірде бір ғана мал өлімі тіркелді» дейді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.
Комиссия өкілдерінің айтуынша, 22 сәуірден бастап ауылға уақытша шектеу енгізіліпті. Белгісіз індеттен өлген ірі қараның барлығы арнайы орынға көмілді. Қазіргі уақытта ауылда мал дәрігерлерінің бригадасы жұмыс істеп, ауырған малдарды емдеп жатыр екен. «Адамдар әрі-бері жүрмес үшін ауылға пост қойылды. Кешеден бастап малы өлген үйлердің аулалары мен қора-қопсыларына дезинфекция жасалып жатыр. Көкталдың маңындағы ауылдардың малын вакцинациялау жұмыстары басталды», дейді «Үржар-Вет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Әсет Абайбеков.
Ауыл тұрғындары белгісіз індет аусыл болуы мүмкін деп болжайды. Ал мал дәрігерлері бұл індет аусыл, пастереллез немесе нодулярлық дерматит, яғни осы үшеуінің бірі болуы мүмкін деп отыр.
«Нақты диагноз зертхана нәтижесі шыққан соң белгілі болады. Аузынан сілекей аққанның бәрін аусыл деуге болмайды. Біздің бір байқағанымыз, ауырып тұрған малдың тамағы ісініп кеткен. Кеңірдектерінің іші қып-қызыл. Қызып тұр. Демала алмайды. Өлген ірі қараның өкпелері қып-қызыл болып күйіп кеткен. Бұл пастереллездің симптомдарына келетін секілді», дейді Ветеринария басқармасының басшысы.
Ал белгісіз індет қайдан тараған? Көктал ауылының тұрғыны Нәзигүл Шалғынбаева кешегі газетте шыққан мақаламызда «Індет жанымыздағы «Аян» шаруа қожалығының малынан тарады» деген болатын. «Үржар-Вет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры мұны растағанымен, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы: «Індет ошағы әзірге нақты белгісіз. Өйткені ауылдағы малдар қалай болса солай жүретіндіктен, бір-бірімен қосылып кеткен. Шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарының малдары бөлек жайылмайды, араласып жүре беретін көрінеді. Біз осыны ауыл тұрғындарына ескерттік, әркімнің өз малына ие болуы керектігін айттық», деді.
Белгісіз індеттің жайылуына және өлген малдары егер аусыл болмай, пастереллез болған жағдайда өтемақы төленбей қала ма деп алаңдаған ауыл тұрғындары: «Елді мекенді карантинге жауып, мемлекет өлген малдарға өтемақы төлесін», деп өз талаптарын қойған-ды. Кеше Көктал тұрғындарының бірімен үй телефоны арқылы сөйлескенімізде ауыл халқының жанына батқан осы мәселені облыс әкімі Даниал Ахметовтың өзі бақылауға алып, малдары аусыл болмаған жағдайда да тұрғындарға тиісті көмек көрсетілетінін жеткізіпті.
«Облыс әкімі ауыл тұрғындарына өзі телефон шалып, сөйлесіп, «алаңдамаңыздар» деп сабырға шақырды. Аудан әкімі де жағдайды бақылап, тыным таппай, осы істің басы-қасында жүр. Алдыгүні малдарды көмген кезде де жүрді. Ауылымызға аудан, облыс орталықтарынан кісілер келіп, болған жайды көздерімен көрген соң көңіліміз жайланғандай болды. Жағдай реттеледі деп сенеміз», дейді ауыл тұрғыны Нұргүл Жазыбаева.
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Облыс әкімі Даниал Ахметов өзінің Facebook-тегі парақшасында Көктал ауылындағы малы шығынға ұшыраған тұрғындарға ірі қараның басына 260 мың теңгеден, 1 жасар торпаққа 150 мың теңгеден, биылғы бұзауларға 50 мың теңгеден өтемақы берілетінін жазды.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы