
Кеше, 13 қыркүйек күні Астанада көкпардан Азия чемпионатының үшінші күнгі жарыстары өтті.
Біздің команда Моңғолия құрамасымен кездесіп, кезекті жеңісіне жетті. Есеп – 15:2. Тәжікстан тағы ұпайларын түгендеп алды. Олар Ресейдің Алтай республикасынан келген қандастарымызды көкпар үшін аса үлкен есеп болмаса да, 5:0 есебімен ұтты. Сөйтіп, «А» тобында біздің құрама үш рет жеңіп, бірінші орынды иеленсе, екінші орынға қарсыластарын екі рет ұтқан Тәжікстан командасы шықты.
«В» тобында Қырғызстан көкпаршылары үшінші жеңісіне жетті. Кеше олар көршілес Қытайдың Шыңжаң өлкесінен құралған команданы 12:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Осы топтағы Өзбекстан құрамасы Түркия көкпаршыларынан 9:1 есебімен айласын асырып кетті. Енді ертең бесінші орын үшін Өзбекстан мен Ресей құрамалары, жетінші орын үшін Моңғолия мен Түркия командалары күш сынасады. Ал жексенбі күні финалдық және үшінші орын үшін кездесулер өтеді. Тәжікстан мен Қытай құрамалары үшінші орынның иегерін анықтаса, финалда Қазақстан мен Қырғызстан жігіттері Азия чемпиондығы үшін таласады.
Жалпы, Азия чемпионаты қызықты да тартысты өтуде. Командалардың бәрі күн өткен сайын жарысқа жақсы дайындықпен келгендерін көрсетіп жатыр. Көкпарда бір командалардың жеңіп, екіншілерінің жеңіліп жатқандарын да түсінуге болады. Өйткені, қазір Азия чемпионатында Қазақстан мен Қырғызстанға тең келер ешкім жоқ. Мысалы, біздің құрамада бірнеше дүркін халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен ел чемпиондары бар. Бұл жігіттердің қолына серкені алғанда қарсыластарының өзі оны күшпен тартып алудың өзі қиын екенін жақсы біледі. Қазақстан көкпаршыларын мақтап айтып жатқанымыз емес, осы жағдайды да Алатаудың ар жағынан келген айырқалпақты ағайындарға қатысты айтуға болады. Биылғы бәсекеге Қырғызстан құрамасын бас жаттықтырушысы Азиз Уралиев бастап келді. Оның айтуынша, құраманың дені «Қабылан» командасынан жасақталған. Бұл команда былтыр Марат Сыбырбаев деген Қырғызстанның белгілі көкпаршысының жетекшілігімен Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған. Қазір Қырғызстан командасының ең жасы көкпаршылары 1993 жылғы болса, ересектері 1980 жылғы. Расын айтқанда, қырғыздардың Азия чемпионы атағынан дәмесі зор. Көкпар ойынын өздеріне баяғыда жекешелеп, патент алып алған қырғыздардың ішінде бір қыжылы бар сияқты. Оны Азия чемпионаты кезінде байқау қиын емес. Олар бірінші күннен бастап, өздерін Астана төрінде бір көрсетіп, Азия чемпионы атағына кімнің лайықты екенін дәлелдегі келеді.
Біздің құрама да аспанға қарап жатқан жоқ. Ақырындап, тактика мен стратегияның небір жолдарын қарастырып, жігіттердің бойына күш салмай, финалға шығып отыр. Осы күштің бәрін басқаға емес, Қырғызстанға сақтап жатқанын біз де түсінеміз. Ендеше, бәрін финал көрсетіп береді деп ойлаймыз. Осы күні біз бәріміз Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы тартысты кездесуге куә боламыз.
Дастан Кенжалин.


Суретті түсірген Ерлан Омаров.