Парламент Сенатының Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінде болып, екінші деңгейлі банктердің несиелік сапасын арттыру туралы көшпелі отырыс өткізді.

Көшпелі отырыс көкжиегі
МАҚСАТ – НЕСИЕ САПАСЫН АРТТЫРУ
Парламент Сенатының Қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінде болып, екінші деңгейлі банктердің несиелік сапасын арттыру туралы көшпелі отырыс өткізді.
Сенат депутаттары арнайы келіп Ұлттық банк, «Проблемалық кредиттер қоры» және екінші деңгейлі банктердің басшылары қатысқан бұл шарада екінші деңгейлі банктердің кредиттік портфелінің сапасымен қатар, проблемалық несиелерден туындайтын мәселелерді шешу жолдары кеңінен талқыланды.
Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Рашит Ахметов талқыға түсіп отырған тақырыптың «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен бесінші шақырылған Парламенттің үшінші сессиясын ашарда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер тұрғысынан маңызды екендігіне тоқталып өтті.
«Ақша-несие саясатын жетілдіру, экономиканың нақты секторларын несие ресурстарымен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі», деп атап өткен депутат Р.Ахметов «қаржы жүйесіне бақылауды күшейту – өткір мәселелері бар несиелерден банктерді «тазалау» және «қорландыру» саласын дамыту екендігін» де баса айтты.
Көшпелі отырыс барысында депутаттар «Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығында» болып, оның қызметімен танысты. Сондай-ақ, халық қалаулылары «Қазақстанның банкаралық есеп айырысу орталығы» АҚ-та болып, еліміздің төлем жүйесімен танысты, халықаралық ақша аудару және банкаралық клиринг жүйесі, банктік хабарламалар алмасу жүйесі жөнінде толық мағлұмат алды.
Ұлттық банк ғимаратында өткен пленарлық отырыс барысында депутаттарға екінші деңгейлі банктердің кредиттік портфелі бойынша ағымдағы жылдың ахуалы мен «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-тың атқарып отырған қызметі және проблемалық несиелердің мәселесін шешу жолдары туралы ақпараттар талқыға салынды.
Сонымен қатар, көшпелі отырыста Ұлттық банктің міндеттері мен атқаратын функциялары пысықталып, Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңдегі макроэкономикалық даму мәселелері, қаржы секторының жай-күйі мен қаржылық реттеу, ақша-несие саясатының ерекшеліктері мен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері, салық-бюджет саясатының өзара іс-әрекеттері жөнінде және Біртұтас экономикалық кеңістіктегі (БЭК) ықпалдасу мәселелері қаралды.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
___________________
КӘСІПКЕРЛІК – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ДЕМЕУ
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің Қарағанды облысындағы көшпелі отырысында депутаттар отандық өндірісті дамытуды және кәсіпкерлікті қолдауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Шараға Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев, Өңірлік даму министрлігінің, облыстық мәслихаттың, «Атамекен» одағы» кәсіпкерлердің ұлттық экономикалық палатасының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың өкілдері қатысты.
Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин «Қазақстан-2050» Стратегиясында» Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін ел экономикасындағы шағын және орта бизнес көрсеткіштерін екі есе ұлғайту міндетін қойғанын еске салды. Осыған байланысты ол еліміздің индустриялық орталығы атанған Қарағанды облысында отырыс өткізілуі де ерекше маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Қарағанды облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Қарағанды облысында шағын және орта бизнес белсенді дамып келеді. Ірі кәсіпорындардың төңірегінде шағын өндірістер желісі құрылуда. Алып өнеркәсіптер оларға қаржыландыру мен озық технологияны енгізуге көмектесуде. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлердің экономикалық пайдалары мен мемлекеттің маңызды әлеуметтік мәселелері, атап айтқанда еліміздің азаматтарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету арасында оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастырады», – деді депутат.
Облыс әкімі Бауыржан Әбдішев өз кезегінде сенаторла рға аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығының өсу көрсеткіштері туралы әңгімеледі. Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуының сатыларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету туралы Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы Сәрсенбай Еңсегенов жан-жақты баяндама жасады.
Шара барысында, сонымен қатар, Парламент Сенаты жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің де отырысы өтті.
Шағын қалаларды дамытудағы мәслихаттардың рөлі туралы облыстық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Дулатбеков сөз сөйледі.
Сапар барысында сенаторлар сондай-ақ Теміртау қаласындағы әлеуметтік сала нысандары мен нақты сектордың кәсіпорындарында болып, Осакаров ауданындағы егін ору барысымен танысты.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы.
__________________
Парламентші пайымы
3-СЕССИЯ: МІНДЕТТЕР МЕН МЕЖЕЛЕР
Жақында Президент еліміздің жоғары заң шығару органының жоғары палатасына бір топ депутатты тағайындаған болатын. Олар Сенатта тұрақты комитеттерге сайланып, жұмыстарына кірісіп те кетті. Солардың бірқатары алдағы жоспарларымен бөліседі.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Сенат депутаты:
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Парламент сессиясын ашардағы сөзінде бес бағыт бойынша міндеттер жүктеді. Елбасы Парламент мінберінен сөйлеген сөзінде жуық арада және болашақта атқарылатын жұмыстарды дәстүрлі түрде тапсырма, ұсыныстар мен міндеттер ретінде айтып отыруы өміріміздің салтына айналып бара жатыр. Бұл өте дұрыс. Заң аясында бүкіл өміріміз алға жылжып келеді. Жаһандану жағдайының ең бір қаупі мен қатері көп кезеңге тап келіп отырмыз. Соның бір қиын тұсы қаржы тапшылығы мен жоқшылық әлемді буып барады. Қазақстанның да одан шет қала алмайтыны түсінікті. Бірақ Қазақстанның шүкіршілік айтатыны, ол – Елбасының дұрыс саясаты мен ішкі ынтымақ-бірлігіміздің арқасы.
Президенттің кәсіпкерлік кодексін қабылдау керектігі жөніндегі сөзі көңіліме ұнады. Қалай дегенмен де ішкі әл-ауқатымызды көтеріп, сыртқы саясатымызды жүргізуіміз үшін де бізге қаржы керек. Ал қаржыны жасайтын тек мемлекеттік кәсіпорындар ғана емес қой. Шын мағынасында қаржыны жасайтындар кәсіпкерлер. Кәсіпкерлікті дамыту және оның еркін қимылдауы үшін заңдық қолдау қажеттігі жөнінде ұсыныс жасалуы өте орынды. Жазушы ретінде, азамат ретінде, осы елдің тағдырына бейтарап қарай алмайтын қоғамның бір мүшесі ретінде менің көкейіме осы мәселе қонды.
Менің салам негізінен мәдениет, әлеумет болғандықтан, мәдениет туралы заң неше дүркін өзгерістер мен пікір қайшылығына да түсті. Ел ішінде жүрген кезде осы заң әлі де уақыт талабына сай сүзгіден өтуі қажет деген ұсыныс жиі айтылады. Менің ойымша, оның ешқандай әбестігі жоқ. Осы орайда Конституциямызды беталды өзгерте беруге болмайды дегенді айтқым келеді. Біздің бағытымыздың барлығы тұжырымдамалық тұрғыдан анықталған.
Өмір болғаннан кейін жаһандану тудырған қиындықтарға қарсы тұру үшін біз рухымызды жер етпейтіндей, білімімізді одан ары ұштай түсуіміз қажет. Мемлекеттік тілге шексіз билік берілуі керек. Ал берілгенінің өзін дұрыс пайдалана алмай келеміз. Көп жағдайда ресми тілді алға шығарып алып жүрміз. Сондықтан Конституцияға өзгерістер енгізбей-ақ, заңдық актілер арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік бар.
Сергей ГРОМОВ,
Сенат депутаты:
– Ел Президенті алға қойған міндеттерді баршамыз, тіпті депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы қолдау білдіре отырып, жүзеге асыруымыз керек. Әсіресе, Үкімет бұл жерде ерекше белсенділік танытуы тиіс. Президент мүмкіндігімізге қарай өмір сүру қажеттігін жиі қайталап жүр. Өкінішке қарай, кейбіреулер барлығы да бүгін бола қалса деп ойлайды. Олай болуы да мүмкін емес қой, оған белгілі бір уақыт қажет. Жақсы жолдардың салынуы, жалақының жоғары болуы, зейнетақыға қосымша қаржы қосу деген сияқты талаптар қоюдың артында негіз болғаны жөн.
Тіпті өркениетті саналатын Еуропа елдерінің өзі дағдарыстан енді ғана айыға бастады. Соның бедерінде Елбасы саясатының арқасында