«Мәдениет және өнер саласының қызметкерлері белсенді қатысып жатқан музыкалық челлендждер жалғасуда. Мысалы «Бірыңғай әлем» жобасы Қазақстан және Ресей әртістерінің қатысуымен түсіріліп көрермендерге ұсынылды. Сонымен қатар «Тұран» фольклорлық-этнографиялық тобы 15 мемлекеттің музыканттарымен бірігіп жоба жасауда. Бүкіл әлемде індетпен күресте дәрігерлерге қолдау көрсету мақсатында бірнеше жобалар жүзеге асырылуда», деді Ақтоты Райымқұлова.
Осы ретте министр Димаш Құдайберген мен Майра Мұхаметқызының дәрігерлерге арнап шығарған әндерін атап өтті.
«Қазақстандық белгілі әнші Димаш Құдайберген жаңа композициясын дәрігерлерге арнады. Сондай-ақ Астана опера театрының жетекші солисті Майра Мұхаметқызы әлем дәрігерлеріне классикалық ән арнап, бүкіл әлемге осы классикалық клип таралып кетті», деді ол.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде кеңінен таралған челлендждерді сөз етті.
«Симфониялық және халық аспаптар оркестрлері, театр ұжымдары, өнер оқу орындарының оқушылары, спорт майталмандары «Біз біргеміз», «Бірге еңсереміз» атты челлендждерін бүгінде жалғастыруда. Танымал әртістер орындаған әр түрлі роликтер, соның ішінде «Карантин» атты ырғақты әннің клипі де осы күні танымалдыққа ие болып келеді», деді министр.