Білім • 24 Сәуір, 2020

Білім министрлігі қашықтан оқытудың тиімсіз екенін мойындады

1938 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниені дүрліктірген коронавирустың кесірінен 167 ел өзінің мектеп оқушыларын қашықтан білім алуға көшірді. Бұл ЮНЕСКО-ның есебінше қазір 1,5 млрд баланы құрап отыр. Шұғыл шешім кімге, қай елге болсын оңайға соқпай тұр.

Білім министрлігі қашықтан оқытудың тиімсіз екенін мойындады

Соның ішінде бір кездері «Әлемдегі ең білімді елдер» қатарынан 2-ші орынды алған Израйльге де қиын тиіп жатқан секілді. Өйткені күні кеше isralove.org сайты: «Білім министрлігі қашықтан оқытудың тиімсіз екенін мойындады», деп жазды. Мақалада жоғарыдағы мойындауға сабақтардың жүйелі түрде өтпейтіні, бағдарламаның орындалмай жатқаны себеп екені сөз болған.  

«Кнессет (Израиль мемлекетінің бір палаталы өкілі және заң шығарушы органы, яғни парламенті. Кнессет 140 депутаттан тұрады – А.Ш.) білім беру комиссиясының отырысы 22 сәуірде кешке өтті. Оған қатысушылар, оның ішінде Білім министрлігінің өкілі мектептердегі қашықтықтан оқыту проблемаларын талқылау үшін бас қосты. Қатысушылар бұл оқытудың тиімсіз әдісі екенін мойындады», делінген материалда.

Осыған орай Израиль үкіметі бастауыш сынып оқушыларын мамырда дәстүрлі оқытуға қайта көшірмек. Ал шілде айында мұғалімдерді мектептегі тоғыз күндік жұмысқа шығармақ. Ең қиыны Яффо қаласы мұғалімдер одағының басшысы Бен Дэвид қазір мұғалімдердің еңбекақысыз жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Оған қоса израйльдік педагогтардың жаздағы еңбек демалысынан айырылу қауіпі бар.

«Қаржы министрлігінің өкілі ведомствоның балабақшалар мен бастауыш мектептерді ашу жоспарын жасағанын, бірақ үкімет бұл ұсынысты қабылдамағанын атап өтті. Оның (жоспар) бірі – аптасына 4 күн жұмыс істеу, қалғаны демалу. Бұл ата-аналарға үйден шығуға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында Израиль парламентінің жанында наразылық митингі өтті, оған мектепке дейінгі мекемелердің ашылуын талап еткен ата-аналар және мәжбүрлі жұмыс уақытының өтемақысын алғысы келетін жекеменшік балабақшалардың иелері қатысты», деп жазылған мақаланың соңында.  

Қоса кетейік, қазір (24 сәуірдегі мәлімет бойынша) Израйльде 14 мың 592 адам коронавирус жұқтырып, оның 191-і қайтыс болған.