Атырау облыстық кедендік бақылау департаменті қызметкерлері Қазақстан аумағына шетелдік көліктің мұнайлы өңірге контрабандалық жолмен әкелінгенін анықтады. Аталған департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеденшілер жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 2008 жылы Жапониядан шығарылған «Toyota RAV4» маркалы автокөлігінің жалған құжаттар ұсыну арқылы ел аумағына кіргізілгені, сөйтіп, Атырау облыстық жол полициясы басқармасында тіркелгені белгілі болды. Алайда, тергеуалды тексеріс жүргізу барысында, бұл автокөліктің Беларусь Республикасының жол полициясы басқармасында тіркелмегендігі, сонымен бірге, аталған көлікке ұсынылған техникалық құжаттың бірде-бірі автокөлікке берілмегендігі анықталып отыр.
Осы факті бойынша қазір анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.