Аймақтар • 24 Сәуір, 2020

Ақмола қазақша атаулармен ажарланады

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарихи атаулар ұмытылмақ емес. Өңірдегі бірқатар елді-мекендердің тарихи атаулары белгілі болды. Осы ретте, облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты тілдерді дамыту бөлімі өздерінің әлеуметтік facebook парақшаларында арнайы «Тарихи атаулар» айдарын ашты.

Ақмола қазақша атаулармен ажарланады

Әлеуметтік желілер арқылы оқырмандарға тарихи аймақтардың атауын жеткізу. Бұл аталмыш жобаның негізгі мақсаты. Ақмола облысында сыр бүгіп жатқан киелі өлкелер жетерлік. Бірақ,  орысша атаумен аталатын кейбір аудан, ауыл атының түп негізін біразы біле бермейді. Міне, осы ретте облыстық тілдерді дамыту бөлімі қолға алған жобаға қызығушылық танытқан жандардың қатары көп. Олар күн сайын  әлеуметтік желіге өңірдегі бір өлкенің тарихи атауын, ескі қонысы жайлы көптеген тың ақпараттарды  жариялайды. Бүгінде облыс бойынша 46 елді мекеннің тарихи атауы белгілі болған. Оның ішінде Бұланды ауданының орталығы Макинка қаласы да бар.

–Макинка қаласының тарихи атауы тарихи құжаттарға сәйкес Аютөбе, немесе Айтөбе екені анықталды. Осы тарихи атауларды іздесіру барысында біз бірқатар музейлер мен архивтерге хабарластық. Яғни, көмек сұрадық. Осы сұранысымызға Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қолдау білдіріп, сол музейдің қызметкері Ирина Бекзатқызы бізге көптеген атауларды тауып берді. Табылған мәліметтерді халыққа жеткізу мақсатында арнайы әлеуметтік желілерге жүктеудеміз. Бір қуантарлығы іздестіру барысында Сандықтау ауданының 10 елді-мекенінің тарихи атауы белгілі болды. Сондай-ақ, Целиноград, Бурабай аудандарына қарасты ауылдар да бар. Және тек ауыз екі тілде ғана емес архив құжаттары арқылы дәлелденген.  Ол атау неге өзгерді, бұрынғы атауының мағынасы қандай? Осының бәрін айдарда анық көрсетіп жазамыз,–дейді облыстық тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әсем Жұмағұлова.

Тыңның эпицентрі болған Ақмола өңірінің елді мекендері тарихи атауын қайтаруы алдымен әділеттің салтанат құруы деуіміз керек.