Қазақстандағы президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналған онлайн конференцияны Тұңғыш Президент - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары, Қазақстан Республикасының атынан Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов және Мемлекет тарихы институтының директоры, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған жүргізді.
Тұңғыш Президент - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов бүгінгі маңыздылығына тоқталып, пандемия кезеңіне қарамастан өтіп отырған онлайн басқосуда еліміздің бүгінге дейін қалыптасу кезеңі, мемлекеттік басқару жүйесі, маңызды оқиғалардың философиялық тұрғыдан ғалымдар тарапынан талқылануы аса маңызды деп атап өтті.
Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев өзінің құттықтау сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның дамуындағы басты рөлі турасында «Қазақстанның Тұңғыш Президенті реформаларының негізгі өзегі Қазақстан Республикасының үдемелі дамуындағы жан-жақты ойластырылған стратегияға әрі көреген саясатқа негізделген. Оны сәтті жүзеге асыру халықаралық қоғамдастықта өзінің лайықты орны бар саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз, дербес, егеменді мемлекет құруға мүмкіндік берді» деп атап өтті.
Конференцияға Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков, Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Әділет министрі Марат Бекетаев, Франция Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, Төтенше және өкілетті елші, ЕҚЫҰ Бағдарламалық кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо, Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының прездиенті Джанни Букиккио, Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Заңгерлік және салыстырмалы құқықтану институтының директоры, РФ РҒА Президенті, РФ РҒА Еуропа кеңесінің Венеция Комиссиясының мүшесі Талия Хабриева қатысты. Конференцияға қатысушылар Елбасының ұлтаралық келісім мен бейбітшілік орнаған мемлекетті қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, баяндамашылар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің экономиканың дамуы үшін құқықтық база мен жағдай жасауға, шетелдермен достық қарым-қатынас орнатуға бағытталған қызметінің маңыздылығын атап өтті.
Конференцияға сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер, жетекші ғалымдар, тарихшылар, саясаттанушылар, құқықтанушылар, Қазақстан және бірқатар шет елдердің – Ресей, Франция, АҚШ, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және т.б. жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.