Әдістемені Семей медицина университетінің ғалымы, медицина ғылымдарының докторы, реаниматолог Марат Сыздықбаев өзінің аталған жоғары оқу орнындағы әріптестерімен бірлесіп жазған.
Ол өзі әзірлеген әдістемесіне авторлық құқық алмаса да, жаңалығымен бөлісіп, игілігін елдің, қоғамның көре бергенін қалайды.
Марат Сыздықбаев:
«Қаламыздағы ең алғаш ауырған ерлі-зайыптыларға осы әдістеме қолданылды. Әсіресе жұқпалы дертпен ауырған ер адам ауыр халде болған, қазір жазылып, аяққа тұрды. Енді осы әдістемені елімізде қолдансақ, пайдасын беретініне сенімдіміз. Әрі ашық түрде әлемнің кез келген мамандары қолдануы үшін де таратамыз», дейді Qazaqstan ұлттық арнасындағы әріптесімізге берген сұхбатында.
Семей медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісов те мамандарын өз кезегінде қолдап, әдістеменің кеңінен таралуы үшін еліміздегі әріптестерін жаңалықтан хабардар етіп жатқанын айтады. Бұдан бөлек университеттің білікті ғалымдары Семейдегі инфекциялық аурухананың пандемиямен күресіп жүрген дәрігерлеріне тәулік бойы толассыз кеңес беріп отыру мақсатында арнайы топ құрған. Университет ғалымдары қауіпті індетті жұқтырған науқастарды емдеп жатқан еліміздің барлық дәрігерлеріне кеңес беруге әзір екенін жеткізді.