Елбасы • 24 Сәуір, 2020

Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

165 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.


Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

Бейнеконференция режимінде өткен отырыста коронавирус эпидемиясымен күрестің, экономиканы қалпына келтіру мен мемлекеттің дағдарыстан кейінгі дамуының стратегиялық мәселелері қаралды.

Елбасы жаһандық сын-қатер айналасындағы жағдай өте күрделі екенін жеткізді.

«Коронавирус салдары әлемдік экономиканың өмірлік маңызды жүйелеріне ықпал етеді. Халықаралық валюта қорының сарапшылары бұл жағдайды Ұлы дағдарыспен салыстырып, «Ұлы карантин» деп атады. Олардың мәліметінше, 170 елде жан басына шаққандағы табыс қысқарады. Бәрінен бұрын әлсіз экономикалар зардап шегеді. Бұл тоқсанда сарапшылар пандемия мен экономикалық дағдарыстың бір уақытта шарықтайтынын болжады. Бұл - Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі өнеркәсіптік өндірістің ең төменгі құлдырауы болады» деді Тұңғыш Президент.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев жақында әлем елдерінің қиын сынақтарға тап болатынын, Қазақстан да бұл мәселелерден шет қалмайтынын атап өтті.

«20 сәуір күні тарихта алғаш рет мұнай бағасы кері кетті. Әлемдік нарықта теңгерім жоғалды. Пандемия мен өндірістік құлдыраудан кейін жаһандық қаржылық дағдарыс болады деп болжанған. Келесі кезең - әлемдік азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін. Бұл бірқатар шиеленіс пен қарабалас туғызады» деді Елбасы.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы қиын кезеңді еңсеру үшін Қазақстанның қазір жасап жатқан шараларының шешуші маңызға ие болатынын баса айтты. «Мемлекет басшысы мен Премьер-Министр дағдарысқа қарсы барлық қажетті шараларды қабылдады. Елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантин режимі күшіне енді. Еліміздің барлық азаматтарын төтенше жағдай талаптарын сақтауға шақырамын. Біздің тарихымызда бірнеше дағдарыс болды. Бірақ, қазіргінің жөні бөлек. Әрбір қазақстандық мемлекеттік қолдауды сезінуі үшін бәрін жасаймыз. Сонымен бірге, қазір болашаққа қарауымыз керек. Әлем енді бұрынғыдай болмайды» деді Нұрсұлтан Назарбаев.