Коронавирус • 25 Сәуір, 2020

Эпидемиолог пен биолог-ғалым карантиннің қашан бітетінін айтты

3864 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғалымдар карантиннің қашан бітетініне қатысты ойлары мен тұжырымдарын Жас ғалымдар альянсы ұйымдастырған «Ғылымтану» еркін талқылау алаңында айтты. 

Эпидемиолог пен биолог-ғалым карантиннің қашан бітетінін айтты

АҚШ-тағы Питтсбург университеті «Эпидемиология» мамандығының магистрі, Астана ұлттық зертханасының гигиенист-эпидемиологы Айым Қайырлықызы қоғам мүшелерінің қазіргідей масканы тағуы қауіпті күшейтетінін айтады. Өйткені олар масканы мүлде тақпайды немесе дұрыс тақпайды.

– Қазір адамдар арасында «Маска қауіпті індеттен қорғай ма, жоқ па?» деген сұраққа тартысты жауаптар кең таралып кетті. 1000 рет қайталап айтуға бармын, маска керек! Оны тағуға тиіспіз және дұрыстап, санитарлық талаптарды сақтап қолдануымыз қажет. Қазіргі адамдардың маскаға деген салғырттығы керісінше қауіпті күшейтеді.

Карантинге келсек, мамандар бекіткен рекомендация мен талаптарды сақтауымыз қажет. Себебі қол жуу секілді қағидалар қарапайым  болғанымен, оның тиімді әрекет екені ғылыми тұрғыда дәлелденіп қойған. Сондықтан сақтау қажет. Олай болмағанда карантин тек қана ұзартыла береді. Қазақстанда карантиннің бітуі әр облыста әртүрлі болады. Бұл сол аймақтағы вирустың таралу қарқынына байланысты, – дейді эпидемиолог А.Қайырлықызы.

Ал Биомедициналық инжинерия бағытында Назарбаев университетінің докторантурасын бітірген ғалым, Cellular Therapeutics компаниясының негізін қалаушы Болат Сұлтанқұлов карантин бітсе де вирус бізбен бірге қалатынын айтады. Сондықтан сақтық әрдайым қажет.

– Бүгінгі онлайн отырысымызға арқау болған COVID-19-дың аңызы мен ақиқаты туралы айтсақ, ғылымға қатысы жоқ адамдар вирустың ойдан құралған жалған нәрсе екенін айтып жүр. Бұл – аңыз, өтірік, өйткені вирус шынымен де бар. Және инфекция ұлт таңдамайды. Сол себепті «Ет жеген қазаққа коронавирус жұқпайды екен» дейтін жаңсақ пікірлерден сақ болған абзал. Жоғарыда айтқан әріптесімнің сөзіне толықтай келісемін, карантиннің қашан бітетіні бізге байланысты.

Дегенмен бір нәрсені еске салғым келеді: карантин алынса да вирус бізбен бірге қалады. Сондықтан әсіресе ауру белгілері бар адамдар міндетті түрде маска тағу керек. Қоғамда толассыз тараған ақпаратқа да ғалым ретіндегі жауабым сол – маска науқастың вирусты сау адамға таратуына тосқауыл болады, – деді биолог Б.Сұлтанқұлов.