Әлі қозы-лақтың деңгейінен аспаған, қозы өрісінен ұзап шықпаған кезім болатын. Жаздың шіліңгір ыстығында да, күздің қоңыр салқынында да үй маңайында жалаң аяқ «шапқылай» бересің. Бастапқы кезде табаның біраз тілімденеді де, кейін қара қайыс түйетабан болып бекіп қалады. Күн суытып, жаңбыр жауса ғана бірдеме ілген боласың.
Бір күні қозы қайырып жүріп табаныма «кірш» етіп тікен кіргенін аңғардым. Дереу суырып тастағандай болғам. Бірақ, тікеннің ұшы май табанда қалып қойыпты. Аяғым ауырғыштап жүргендей болды, ет қызумен аса мән бере қоймадым. Арада екі-үш күн өткенде күп болып ісіп, етігім симай қалмасы бар ма?! Оның үстіне ақсаңдадым да қалдым. Үлкендердің назары сонда ғана ауды. Сөйтсем, тікеннің ұшы қалған жер іріңдеген, одан кейін бітеу жараға айнала бастаған...
Үйде бізді құстың көлеңкесінен қорғап өсірген жасы сексеннен асқан әжеміз бар. Әулеттің дәрігері де, кеңес берер ақылшы да сол кісі. Кез келген ауру мен жарақатты табиғи жолымен емдей қоятын. Бір қызығы құлантаза айығып кетер едік. Иә, біздің үйдің адамдары аса бір күрделі сырқат болмаса, қаладан дәрігер шақырып әуре болмайтын.
Әдеттегіше, әжем менің аяғымды емдеуді қолына алды. Сонымен не керек, әлгі бітеу жараның бетіне жаңа сойылған қойдың бұлшық етін, яғни жас етін тартты да сыртын жұқа жылтыр қағазбен (целлофан) орады. Оның сыртынан таза матамен таңды. «Аяққа әзірге қатты салмақ салуға болмайды, көп жүрме, екі-үш күн үйде бол» деді. Әжеміз айтты бітті, шалқайып жатып қалдым. Біреу бір жаққа жұмсаса «әжем ешқайда жүрме» деп айтқан дейсің. Болды. Соның арқасында бірнеше күн қозыдан босап, дем алдым.
Табандағы ісік біртіндеп қайтып, сыздап ауырғаны да сирей бастады. Шамасы үш күн өткен соң ғой деймін, ақ матаны шешіп, жас етті алды. Бітеу жараның бетіне иненің көзіндей тесік пайда болған. Осы тесіктен іштегі ірің түгел шыққан. Осылайша табандағы жара жазылды. Бұрынғы жұмысыма қайта кірістім. Міне, сол күннен бастап жаңа сойылған қойдың бұлшық етінде бітеу жараның көзін ашып, іріңін сыртқа тартатын емдік қасиеті барын білдік. Осындай халық емінің жайын білетін көне көз қариялар қазіргі жоғары білімді мамандарынан кем түспейтін еді. Бір өкінер жайт, қазір сондай «дала докторлары» азайып барады...
Тілеуберді Сахаба