16 Қыркүйек, 2013

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына келді

312 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

16-09-Президент-Шымкент-1

Бүгін, 16 қыркүйек, дүйсенбі күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Елбасын Шымкент әуежайында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған облыс басшылығы күтіп алды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы шырайлы шымды шаһар жеріне келген сапарын осында салынып жатқан жаңа әкімшілік-іскерлік орталығын қамтитын тұрғын үй алабынан бастады. Айта кететін жайт, облыс орталығында жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысын жүргізу жобасы Президенттің: «Шымкент республикада үшінші қалаға айналуы тиіс» деген нақты тапсырмасын іске асыру мақсатында жүзеге асырылуда.

16-09-Президент-Шымкент-2

Жұртшылық өкілдерімен кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев соңғы уақытта атқарылған жұмысты көзбен көріп, облыс тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне баға беру үшін сапармен келгенін атап өтті.

«Өңірге келсең, жұрттың бәрі әкімнің ауысуын күтіп жүреді. Егер жұмысын жақсы атқарып жатса, оны ауыстырудың қажеті қанша? Жалпы, сыртқы ахуалдың тұрақсыздығына қарамастан, өңір бүкіл еліміз сияқты дамып келеді. Қазақстанда біз рецессияға, әлеуметтік төлемақыны қысқартуға және жұмыссыздықтың артуына жол берген жоқпыз. Бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Оңтүстік Қазақстан облысы көлік-логистикалық зор әлеуетке ие, бұл жерден автомобиль жолдары мен теміржолдар, газ құбырлары өтеді, Көксарай су қоймасы салынды. Облыста Қазақстан халқының 15 пайызы тұрады. Мұнда бала туу көрсеткіші жоғары және тиісінше мектепке дейінгі, орта, сондай-ақ кәсіптік-техникалық білім мәселесі де баса назар аударуды қажет етеді», – деді Мемлекет басшысы.    

16-09-Президент-Шымкент-3

Қазақстан Президенті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі мақсатқа қол жеткізу тек экономикалық қана емес, әлеуметтік көрсеткіштердің жақсаруына да байланысты екеніне назар аударды.

«Елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар азаматтар өмірінің барлық саласын қамтиды. Мысалы, ана өлімі үш есе азайған. Бұл мемлекеттік саясаттың маңызды көрсеткіші деп санаймын. Тұрмыс жағдайының, медициналық қызмет көрсету сапасының жақсаруы азаматтардың денсаулығына тікелей септігін тигізеді», – деді Мемлекет басшысы.    

Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық экономиканы қалыптастыру үшін отандық кадрларды даярлаудың маңыздылығын да атап өтті.

«Бізге бәсекеге қабілетті білім мен өзіміздің ғылымды дамыту өте маңызды. Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектебін ашу ұлттық ғылыми элитаны қалыптастыруға бағытталған. Халықаралық тәжірибе білім саласында ғылыми орталықтарды құруда мегаполистер рөлінің зор екеніне дәлел. Шымкентте Астана мен Алматыдан басқа үшінші мегаполист құру керек, республиканың батыс өңірінде тағы бір мегаполис пайда болуы мүмкін. Қаланың жаңа әкімшілік орталығының қалыптастырылуы тұрғындар санын миллионнан асыру жөніндегі стратегияның жалғасы болып саналады», – деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп кешені қызметінің нәтижесі жаман емес екенін және бұл саланың өнімділігін арттыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігіне тоқталды.

Кездесу барысында облыс әкімі А.Мырзахметов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады.

Әкімшілік-іскерлік орталықты қамтитын жаңа тұрғын үй алабы 28 мыңнан астам адамға арналған. Көп пәтерлі тұрғын үйлерден басқа мұнда мектепке дейінгі балалар мекемелерін, мектептер, емханалар, сондай-ақ сауда және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету нысандары орналастыру көзделген.

Мемлекет басшысы бұдан соң батырымды насостар шығаратын зауытта болды

Президент кәсіпорынның қызметімен және өндірісті ұлғайту жөніндегі жоспарларымен танысты.

Жоба

Соңғы жаңалықтар