Кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен болды.
Вице-премьер жұмыс сапарын Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде жұмыс жасайтын мұнай компанияларына түрлі қызмет көрсететін кәсіпорындарды аралаумен бастады. Алғашқы таныстық “Макдермот” металл құрастыру зауытының құрылыс алаңы мен бұрғылау ертінділерін дайындау, шағын кемелерді жөндеу зауытының жобалары болды. Сондай-ақ жақын айларда іске қосылуға тиісті “Аташ” теңіздегі мұнай операцияларын қолдау базасының құрылысына зер салды. Ақтауда әкімдікте серпінді жобаларды жан-жақты кеңінен талқылаған мәжіліске министрліктер, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдар басшылары мен өкілдері қатысты. Онда өңірде қолға алынған серпінді жобалар “Ақтау Сити”, “Каспий энергетикалық хабі”, “Кендірлі” демалыс аймағының, сондай-ақ Ақтау битум зауыты, “Жаңа Өзен-Түркіменстан” темір жолы, Ақтау халықаралық әуежайының ұшып-қону алаңы, Ақтау газ-бетон зауыты, “Ча-Кур” фармацевтикалық фирмасы, Бейнеудегі құрама-жем зауыты т.б. жобалардың жүзеге асу барысы жайлы келелі кеңес болды. Онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, компания басшылары өзара ой-пікір алысты. Көптеген мәселелерді тездетіп, оң шешу жолдарын ортаға салды. Ал кешкілік әкімдікте тауарлар мен қызметтер сатып алуда қазақстандық үлесті арттыру және Каспий қайраңын игеруде қазақстандық сектордың оффшорлық жобаларына қызмет көрсетуде жағалау инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.