Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, «Egemen Qazaqstan»
Ақыры шыдамдары таусылған ағайынды екеу, әлгі жігіттің артынан баруға тәуекел еткен екен. Арада ай өтпей, олардың да барған жерінен жүз мыңдап, екі жүз мыңдап ақша келе бастапты. Сөйтсе олар алғашқы кеткен жігітті хатта көрсетілген мекенжайдан таба алмапты. Бірақ сол ізбен жүріп отырып, кездойсоқ бір сылқым келіншекке тап болыпты. Сылқым келіншек оларды байының атқорасына жұмысқа алдырыпты. Одан әрі жұмысы жоқ, жағдайы төмен, бала-шағасы шүпірлеп аузына қараған адам нені армандаса, соның бәрі рет-ретімен орындала бастапты.
Қожайын коттеджден шықпайтын, шықса джиптен түспейтін біреу екен.
Бірақ обалы не керек, сылқым келіншегі екеуі бұларды ештеңеден тарықтырмапты дейді. Алатын ақшалары ай сайын көбейеді, сондағы бар істейтін жұмыстары атқораны тазалау, жылқыларға жем-шөп беру, жал-құйрығын тарау, сауырынан сылап-сипау. Сол өздері бауыр басқан аттарға қожайынмен бірге өздері мінетіндері, қоржынға қатқан ет пен нан салып алып ұзақ жолға шығатындары, ең соңында Қызылқұмнан жыланның уын алуға баратындары өте құпия ұсталады.
Сөйтіп жүргенде ағайынды екеудің үлкеніне байдың сылқым келіншегі ғашық болып қалады. Жыланның бір тамшы уы сұмдық қымбат тұратынын содан біліп алады. Олардың арасындағы қарым-қатынасты бай білсе де білмеген сыңай танытады. Ал ана уды мына жалған дүниеден баз кешкен шетелдік байлар мен саясаткерлер көп ақша беріп әрең қолға түсіретін көрінеді. Бір тамшы уды татып, байлық та, басқа да опа бермеген мына дүниемен қош айтысып кете барады-мыс.
Осының бәрі «Мың бір түннің» ғажайып хикаяларындай төгілте әңгімеленеді. Соншама ғажайыптардан кейін не болатынына ынтыға түсесің. Одан әрі оқысаң, күннің ыстығында құм ішінде алтын көшкендей жарқырап көшкен көшті көресің. Ол көш шыжыған ыстықтан қашып, құмдағы көне құдыққа құйылады. Қожайын екі ағайындының кішісін алдап та, арбап та, қорқытып та сол құдыққа түсіреді.
«Шертайдың төбесі құдыққа енді бата бергені де сол еді, кенет оның ұзақ шыңғырған дауысы естілгені. Байшұбар өмірінде мұндай ащы, үрейлі дауысты естімеген шығар» деп суреттейді жазушы. «Жібер арқанды!» деп ақырады мылтық кезенген қожайын. Содан соң: «Тарт арқанды!» деп айқайлайды бүкіл құмды далаға әмірін жүргізіп тұрған жандай. Қожайынмен қосыла Байшұбарға мың-миллион адам айқайлағандай болып естіледі.
«Құдайым-ау, мың-миллионың не? Бүкіл дүние... Қызылқұмның самсаған атамзаманғы кәрі сексеуілдері мен жыл сайын, кейде ай сайын қоныс аударып, көшіп жүретін құм төбелері де осылай деді».
Өзінің жан-тәнімен тілегені де сол бұйрық болатын. Кендір арқанды жанталаса тартып суырып алғанда, туған бауыры тұрмақ, адам сыйқына ұқсамайтын бір құбыжықты көрді. «Шаншы!» деді қожайын қолына айырды ұстатып. «Бұлға!» деді құбыжықты қайнап тұрған қазанға салдырып.
Құдықтың ішінде он, жүз, мың жылан шаққан адам денесінен әлемнің дүниеден баз кешкен байлары ынтыға күткен асыл у осылай алынады. Бірақ көркем шығарма болғаннан кейін аяғы жеңіспен аяқталады. Байшұбар қожайынды қапысын тауып өлтіріп, бауырының кегін алады. Сонда қазандағы уды қайыра төккенде, қара жерде тағы бір құдық пайда болады.
Мен мазмұнын баяндаған шығарманың ұзынырғасы осы. Оқығандар біледі, оқымағандарға да Тынымбай Нұрмағанбетов деген авторының есімі жақсы таныс. Өзін бүгінгі саясатқа жанашыр жазушы десең де болады, жоқ сыншыл көзқарастағы адам десең де келеді. Шығармасын қандай астарға бұрам десең де ыңғай беріп тұр. Ептеген саяси астары да бар. Бірақ жаманға бұрмасаң болды. Енді жасампаздықты жырламағаны басы ашық нәрсе. Сонда мемлекеттік сыйлықты мұндай шығармаларға беруге болмай ма?
Есіме еріксізден еріксіз осындай бір келеңсіздікті өзімнің де бастан кешіргенім түсіп отыр. Өткен жылы ғана мен Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат саласындағы сыйлығына ұсынылдым. Сол кезде Президент әкімшілігінен жауапты адам басқарған сараптау тобының отырысы өтіп жатқанда сұрақ туындайды.
– Бұл кісі осы уақытқа дейін неге алмаған?
– Ол кісі саяси көзқарастары үшін алмаған, – депті сонда менің Шәміл досым.
Мен тау-тас сияқты бәрін ішіме сіңіре беретін адаммын. Алайда мына сөз жаныма батып кетті. Биліктің адамдары «Онда қоя тұрайық» десе қайтпекші? Себебі біздің ең жанды жеріміз саяси көзқарас қой! Өткен тарихымызда сондай таңба салынған жылдар аз емес. Маңдайына сондай таңба басылған тұлғаларымыз да жетерлік. Етімізден өтіп, сүйегімізге жетті.
Бірақ маған сол жолы сыйлықты берді. Шәміл досым айтқан «саяси көзқарасыма» қараған жоқ. Сондықтан Тынымбай ағамыздың да «саяси көзқарасына» қарай қоймас деп ойлаймын. Бір құдықтан су орнына у алып, жерге төксе екінші құдық пайда болатынын жазған жазушы бұл жерде жазушылық міндетін ғана орындап отыр.
Бізде қанша айтсаңыз да диссиденттік әдебиет жоқ. Орыстың Лимоновы сияқты арандатушыны да көрмедік. Бар-жоғы қарапайым шындықты ғана жазатын жазушылар бар. Кейбір өмірлік деректер шығармадағы көркемдік шындықтың бояуын қанықтыру үшін қолданылуы да мүмкін. Ал мұны саяси көзқарас деп есептесек, арамызда кеуде көтеріп жүретін қаламгер қала ма, қалмай ма?
Шындап келгенде Бердібек Соқпақбаев мемлекеттік сыйлықты Бауыржан Момышұлымен қатар түскен соң ғана ала алмай қалған жоқ. «Өлгендер қайтып келмейді» романы жазушының бүкіл протестік көңіл күйін сыртқа шығарған шығарма болды. Романның өн бойынан бас кейіпкер болмысы мен кеңес қоғамы арасындағы психологиялық сәйкессіздік ашық көрініс тапқан.
Демек мемлекеттік сыйлық көбінесе саяси тұрғыдан күмән келтірмейтін шығармаларға беріледі деген сөзде шындық бар. Мемлекеттік сыйлық алу үшін арнайы тақырыптарда кітап жазған жазушылар да болған деп естиміз. Осының бәрі туған әдебиетіміздің ғана емес, мемлекеттік сыйлықтың да мәртебесіне көлеңке түсіріп келген сияқты.
Мемлекеттік сыйлықты Бердібек Соқпақбаевтың алмағаны бір таңдандырса, Тәкен Әлімқұловтың алмағаны екі таңдандырады. Алмаған себебі жазған тақырыптарының жасампаздық сипаты жоқ. Бірақ алпысыншы, жетпісінші жылдардағы қазақ әдебиетінің ауыр жүгін атан түйедей көтеріпті.
Абайдың жұмбағын жазса да аңыз, Қаратаудың шежіресін түзсе де аңыз, ал Махамбеттің жан тәсілімін тәпсірлеген «Қаройы» аңызға бергісіз. Ендеше мемлекеттік сыйлық Тәкен Әлімқұловқа берілмегенде, басқа кімге беріледі деген сұрақтың тууы да заңды.
«Өздері жүгірмеді ғой» деген де уәж бар. Өзі жүгірсе, уағында КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған Әбді-Жамил Нұрпейісов те алар еді. Меңзеп отырғанымыз қаламгердің көп еңбегі сіңген, көркемдігі де жоғары «Соңғы парыз» романы. Сонда автор иба сақтап үндемей қалса, қоғам да ондай еңбекті марапатқа ұсынбай, үнсіз өткізіп жіберуі керек пе?
Егер тізбелеп санасақ өмірден мемлекеттік сыйлық алмай өткен мықтылар көп екен. Олардың ішінде көзі тірісінде сыйлықтың қарасын да көрмеген Мұқағали Мақатаев та болды. Оның өмірден өткеннен кейін «Ғасыр ақыны» атанарын білгенде, сыйлықты ауруханаға әкеліп беретіндер де табылар ма еді, кім білсін. Ал өзі бақилық болғаннан кейін берілген сыйлық көзі тірісінде көрген бір күндік тапшылық пен таршылыққа да тұрмауы мүмкін екенін ол уақта кім сезініпті?
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа ҚР Мемлекеттік сыйлығы өзі қайтыс болғаннан 23 жылдан кейін берілді. 1976 жылы Кеңсай қорымынан мәңгілік орнын тапса, сыйлықмұрагерлеріне 1999 жылы табыс етілді. Өзі дүниеден озған соң мемлекеттік сыйлық берілген екінші адам Асқар Сүлейменов. Есімі алғаш Ғабит Мүсіреповтің «Кітап аты «Бесін», авторы Асқар» атты мақаласымен әйгіленген дегдар суреткер. 1992 жылы жарық дүниемен қош айтысса, сыйлықты арада төрт жыл өткеннен кейін отбасы қабыл алды. Ал әдеби ортаға өзінің тазалығымен, кірпияздығымен де сыйын жоғалтпай өткен Жұмекен Нәжімеденовке бұл сыйлықтың қашан берілгені баршаға аян. Олардың көзі тірісінде-ақ қалай аңызға айналғанын көрдік те, естідік те, шет жағалап жүрдік те.
Ізінен кішігірім аңыз ерген ақын-жазушылар арамызда қазір де бар. Солардың бірі Несіпбек Дәутайұлы көп дүниені ішіне сыйдырған «Айғыркісі» атты әңгіме жазды. Онысы қазақ топырағындағы тектілік туралы түсініктің басын жинақтап, бір бүтін образға айналдырған тұғырлы туынды болды. Ойға қона кеткен атау тебірентіп, кезекті кітабын да солай атады. Сол кітап өткен жолы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда, Құдай қолдап сыйлық беріле қалса, «Айғыркісі» деп алақалап жатқанымыз қалай болады деген әңгіме шықты. Сыйлыққа ұсынылған кітаптың алғашқы сыннан сүрінуіне бірден бір себеп, мұқабасындағы атойлап тұрған атауы болғаны да күлкілі естілетін шығар. Десе де ұғымға орнығып қалған сол түсінік талантты автордың ендігі орны осы деген тұжырым қалыптастырып жібере ме деген қаупіміз де бар. «Талантты адам қорғансыз келеді» деген әлімсақтан келе жатқан әңгіме тағы да алдымыздан шығып, дағдардық та қалдық. Біреулер ойнап өтіп кеткен тізімге, Несіпбек Дәутайұлы биыл да қиыншылықпен ілігетін секілді. «Қазақ әдебиетіндегі қазіргі күннің үздік он жазушысы кімдер?» деген сауалнамада оның есімі жуан ортаға орныққанын талай көрдік. Ал дауысқа салғанда дауысын біреуі берсе, екеуі бермей ит қылатыны неліктен екені мүлдем түсініксіз. Осыған қарап біздің арамызда талантты талдау мәдениеті әлі де қалыптаспаған ба деген күдік-күмәнді ойларға берілесің. Әйтпесе оқырман талғамы мен әдебиетшілер талғамы неге екеуі екі басқа нәтиже көрсетеді? Таланттың мысын құрту, сағын сындыру, сенімсіздікке ұрындыру осындайдан басталмаушы ма еді?!
Мысын ешкім баса қоймайтын, сағын да ешкім сындыра алмайтын, сеніміне де селкеу түсіру мүмкін емес бір ақынды білем. Бір ақын болғанда қандай дүрмекті де дүрілдетіп жіберетін дүр ақын екенін менен басқалар да біледі. Талантты туындылар соның қаламынан жиірек туып, ақпарат бетінде де өтімді тақырыптармен бұрқырап жарияланып жатады. Бірде өлең, бірде поэма, бірде әдеби эсселер кесек-кесегімен ортаға тасталады. Сондай адамдар туралы күмәнділеу әңгіме айтқан бір пақырға: «Олардың әлемі бөлек болады, нең бар тұмсығыңды тығып?» дегенім есімде. Ол Шымкенттегі Мархабат Байғұт, Тараздағы Несіпбек Дәутайұлы, Алматыдағы Ғалым Жайлыбай, Семейдегі Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақтаудағы Светқали Нұржан, Ақтөбедегі Ертай Ашықбаев сияқты Қарағандыда әдебиеттің туын жықпай жүрген дарынды қаламдасымыз Серік Ақсұңқарұлы деп білгейсіз. Бірақ осыдан он екі жыл бұрын «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болып бітетін істі бітірмей, кіл талантты биыл да тығынға тыққалы отырмыз.
Соңғы кезде мемлекеттік сыйлықтың додасы таланттар шоғыры мен талантсыздар тобырының арасындағы бітіспес майданға айналды. Бұрынғы аңыздардан еститін тұлпар тұяғынан айырылыпты, сұңқар қанатынан қайырылыпты дегенді қазір өз көзімізбен көретін болдық. «Бәйгемді шаппай бер» дейтін небір дүлділдерге дауыс жетпей қалып, масқара болып жатыр. Мұның қасында күні кешегі «тақырыбы келмейді екен» деген желеу бұдан әлдеқайда құрметтірек естілетінін ішіміз біліп тұр. Шынында да шығармашылық адамының бойындағы наразылық анатомиясын жіліктеп шағатындар қайда кеткен өзі? Олар неге жемтігінен айырылып қалып, жаратылысы бөлек таланттарды тобырдың талауына беріп қойып қарап отыр? Мүмкін бізге солардың өздерінің қатаң тәртібі керек шығар?
Егер бұған тыйым болмаса тізбекті реакция заңдылығы бізді тағы біраз жерге апарып тастайтын түрі бар. Меніңше бұл жұмысты сарапшылар алқасы ең алдымен өздерінен бастағаны дұрыс сияқты. Неғылғанда да дауысыңды жоғарыдан нұсқаған адамға емес, өзің таңдаған талантқа бере алатындай намысың болуы керек шығар. Әйтпесе дауыстарын берерін беріп алып, саусақтарымен жоғарғы жақты нұсқау ақталудың ең оңай тәсіліне айналып барады. Тіпті біреу бұрмалағанның өзінде санаулы сарапшы өз дауыстарын өздері санауға шамалары жетпеді дегенге кім сенеді?
Міне, алдымда сыйлыққа ұсынылған шығарма авторларының тізімі жатыр. Мен соның ішінде біреуінің аты-жөніне ұзағырақ қарап қалған болсам керек. Сырттан көрген біреу болса, туысын тауып алған екен деп ойлауы мүмкін еді. Жо-жоқ, ол ешқандай да ет жақын туысым емес. Бірақ мен шынында да оның тізімдегі есім сойына сүрініп кетіп отырмын. Алды-артындағы басқалардың аты-жөндеріне де көз жүгіртіп қоям. Тұстарында алғашқы сараптауда алған дауыстары тайға таңба басқандай болып жазулы тұр. Өңгелерден өзгеше бір ерекшелігі бардай қадалам келіп. Әлден уақытта барып, не ойларымды білмей абдырап басымды көтердім. Мені бөгелткен «Биылғы сыйлықты осы адам алып кетуі де мүмкін-ау» деген үрей еді.
Қазір кейбір ақын-жазушылардың мемлекеттік сыйлықты әділетсіз алғаны туралы көп айтылады. Бірақ соған өздері дауыс берген. Алғашқы іріктеуде дауысын беріп өткізіп жіберген. Содан соң сарапшылар алқасының мүшелері де өздері дауысқа дауыс қосқан. Олардың дауыстарынан жер тітіреп, аспан шайқалған. Сөйтсек олар өздері сүттен ақ, судан таза екен. Бар болғаны әр саланың өкілдері ақтық дауыс беретін президиумға сеніпті. Одан да өтіп кетсе, аты-жөндерін алтын табаққа салып апарғанда біреу құлақтарына сыбырлайтын болар деп үміттеніпті. Содан кейін «Болмады, пәле екен, өтіп кетті, қол қойып жіберді» деп қара аспанды төңкеріп үйірлеріне қайтады екен. Ал сонда осы сарапшылардың өздерінің мойнында ешқандай жауапкершілік жоқ болғаны ма?
Екінші айтарымыз, мемлекеттік сыйлық мадаққа ғана берілетін марапат емес. Ондай ереже еш жерде жазылмаған. Сыйлық авторға, оның мінезіне, қоғамдағы орнына қарап берілмейді. Сыйлық көрсетілген мерзім аралығында жарық көрген, қоғамда ерекше пікір тудырған шығармаға беріледі. Тарпаң шығарманың авторы да тарпаң болуы мүмкін. Қолдағы нәрсені қиындатып жүрген бер жақтағылар. «Аты атойлап тұрған кітапты қол қоюға қалай апарамыз?» деп бет моншақтары төгіле қалады. «Осыны алтын табаққа салып апарсақ, жаман ойлап қалуы мүкін-ау» деп алдын-ала сақтық жасаған болады. «Мына ойлары қолайларына жақпай қалса қайтеміз?» деп бүгежектейді, жалтақтайды, жарамсақтанады. Бір-біріне ымдап, бастарын шұлғып, қызараңдай күбірлесіп, жау жоқ жерден жау тауып жақсыаттана қалады.
Осындайда билік өзгеріп, біз өзгермей қор боламыз ба деп қорқасың кейде. Әйтпесе қоғамға ненің қауіпті, ненің қауіпті емес екені заңда көрсетілген. «Артық түшкіріп қоярмын» деген әсіресақтық басқаға жүрсе де, әдебиетке жүрмесе керек. Жоғарыда айтылған Бердібек Соқпақбаев та, Тәкен Әлімқұлов та, Асқар Сүлейменов те өзгеше ойлы қаламгерлер. Жарты өмірі көрші елдің түрмесінде өткен Қажығұмар Шабданұлы да сыншыл көзқарастағы жазушы. Бірақ шығармаларына қарап отырсаңыз, ең оқылымды кітаптарды да солар жазған. Олардың «Өлгендер қайтып келмейді», «Ақбоз ат», «Қылмыс» атты романдары, «Менің атым Қожа», «Бесатар», «Қаратау» секілді повестері әдеби ортада құбылыс ретінде қабылданған. Тәкен Әлімқұловтың он бес беттік «Қарой» атты бір ғана әңгімесін Әбіш Кекілбаевтан бастап өздеріне үлгі тұтпаған қаламгер қазірге дейін кемде кем. Тіпті қоғамдық қозғаушы күші бар туындылар ретінде жоғарыда аталған шығармалардың қай-қайсы да талай ұрпақтың санасын өзгертті десек те артық емес. Бұл шығармалардан қоғамға, ұлтқа, қала берді мемлекетке де пайда келмесе, зиян келген жоқ. Ал енді осындай дүниелерге мемлекетіміздің де құндылығы ретінде қарап, мәртебелі сыйлықтармен марапаттап жатсақ несі айып?
Міне, мемлекеттік сыйлық автордың атағына қарап емес, шығармасына берілуі керек деп отырғанымыз осы. Бірақ ол ереже өз деңгейінде сақталмағандықтан, кейде талантты авторлардың сәтсіз дүниелеріне де сыйлық беріліп кетіп жатады. Бұған басты себеп, сыйлыққа ұсынылған шығармаларды сарапшылар оқымайды. Автордың бұрынғы беделіне қарап дауыс береді. «Сыйлыққа ұсынылған шығармаларды бұрын Әуезов оқыған екен, қазір мен ғана оқимын» деген Герольд Бельгердің сөзі содан шыққан. Мұндайда кітапты оқымақ түгілі, тіл білмейтіндердің дауыс беруі тіптен сорақы. Қандай кітапқа дауыс беріп жатқанын өздері де білмесе, олардың мойнында қандай жауапкершілік болуы мүмкін. Ендеше ұсынылған шығармаларды оқытуға мемлекеттік сыйлық берушілердің өздері кіріптар болуға тиіс. Үміткердің кітабын ақы төлеп оқытып, қолын қойдырып сараптама жасату жауапкершілікті арттыра түседі демекпіз.
Менің Шәміл досым биліктің кеңселерін көп жағалайды. Кейде көпке зияны тиіп кететін қылжағы болмаса, бізден бір қадам ілгері ойлайтыны да рас. Сол досымның айтуынша, әдебиеттің бітпейтін дауына биліктегілер де тойып болған. Демек осы саладағы мемлекеттік сыйлықтың қалай берілуі керектігі туралы сындарлы пікірге олар да мұқтаж. Өздері сыйлық беріп отырып, өздері абыройсыздыққа ұшырау ақылға қонбайтын нәрсе. Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін тек үздіктер ғана көтере алатынын білмейтіндей олар да ақымақ емес (Шәміл досымның лексиконынан алынды). Қалай десек те мемлекеттік сыйлық мемлекеттік құндылық дәрежесіне көтерілгенде ғана абыройы артады. Әйтпесе әркімнің аузындағы қылжақ пен түртпекке айналып кетуі де ғажап емес. Қысқасы талантсызға тақ беріп, дарынсызға бақ беріп бұған дейін ешкім опа таппаған екен, бұдан кейін де опа табуы екіталай. Бір сөзбен айтқанда әңгіме шиқ етсе, шиқаны жарылайын деп пісіп-жетіліп тұр.
Мұның бәрі Шәміл достың ғана емес, кеудесін көтергеннің бәрі айтып жүрген ортақ мәселе. Біздікі осының бәрін жинақтап, тиісті орындарға жеткізу ғана. Өз тарапымыздан қосарымыз, арамыздағы әлдебіреулер айтып жүргендей АҚШ-тың бет-бейнесі Голливуд болса, қазақтың рухын көтеретін қай заманда да әдебиет! Сонда да бұл мақаламды талантты жазушымыз Мархабат Байғұттың «Мен енді бұл сыйлыққа түспеймін» деп теріс айналғанымен аяқтағым келіп отыр. Ал нүктесін «Тынымбай сияқты жазушыны қайдан табамыз?» деген Несіпбек Дәутайұлының сөзімен қойсам ештеңе етпес. Өзіне дауыс бермегендерге өкпелемей, Тынымбай Нұрмағанбетовті осыған дейінгі аламанда екі рет сүріндіргендерге өкпелеп отырған Несіпбек Дәутайұлы да қызық! Дегенмен, Шәміл дос, олар бізге қарағанда әлдеқайда адал, әлдеқайда биік, әлдеқайда рухты адамдар болуы керек! Ендеше сондай таланттар туын көтеріп жүрген әдебиетті тазартайықшы, ұлттың рухын қылжаққа айналдырмайықшы, ата-бабадан мұраға қалып келе жатқан киелі сөз өнерін өз тұғырына көтерейікші дегіміз келеді.